Қазақстандық режиссер Рашид Сүлейменовтің «Арман. Когда ангелы спят» фильмі АҚШ-тың Вашингтон қаласында көрсетілді. Америкалықтар Қайрат Нұртас пен оның жары Жұлдыз басты рөлді сомдаған фильмді көргенде эмоцияға ерік беріп, жылады.
Бұл туралы «Хабар 24» арнасы хабарлайды.
Америкалықтар фильмде көтерілген тақырыптың өзектілігін, режиссердің шеберлігі мен актерлердің ойынын жоғары бағалаған. Америкалық көрермендер алғаш рет қазақ киносын асқан қызығушылықпен әрі толқыныспен тамашалағандарын атап өтті.
Айта кетейік, аталған фильм Гүлзира Айдарбекованың продюсерлігімен түсірілген. Кинокартинада басты рөлді Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Әбдікәрімова сомдаған. Фильм сюжеті бойынша, Арман есімді қыз төрт жігіттің зорлығына ұшырайды. Қос ғашықтың қайғылы махаббат хикаясын тамашалаған америкалықтар көз жастарына ерік бергендерін жасырмайды.
«Фильм өте күшті, ауыр әрі терең мағыналы. Жақсы сәттер де, ауыр сәттер де болды. Бізге өте қатты ұнады. Актерлердің ойыны керемет. Әсіресе, Арманның рөлін сомдаған жас актриса мені қайран қалдырды», – дейді америкалық көрермен Орен Диаз.
«Фильм өте жоғары деңгейде түсірілген. Актерлердің ойынында мін жоқ. Кәсіби скрипт. Актрисаның шынайылығы соншалық, оның эмоциясын, күйзелісін сезінесің. Залда отырған көрермендердің барлығы кейіпкерлер үшін уайымдады. Қоғамдағы проблеманы көтерген тамаша фильм екен. Фильмді түсірген әрі бізге алып келген авторларға деген алғысым шексіз», – дейді Наталья Кариелл.
«Мен қатты толқыдым. Мұнда келерде осындай фильм көремін деп күтпедім. Жыладым, өте әсерлі. Бұл фильмді көп адамдар көреді деп үміттенемін. Мұнда адамзаттың теріс жағы мен зорлық-зомбылық көрсетілген. Мұндай жағдай бүкіл әлемде орын алады. Оны басқа қалаларда көрсетесіздер деп сенемін», – дейді тағы бір америкалық көрермен Меган Сифордс.
Айта кетейік, аталған фильмнің тұсаукесері 25 қазанда Лос-Анджелесте өтеді екен.