$ 481.84  531.33  5.07

Жезқазған кітапханасы Шәкен Күмiсбайұлының 75 жылдық мерейтойын тойлады

17 қазан күні Жезқазғандағы №2 үлгілі кітапхана филиалында белгілі балалар жазушысы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Шәкен Күмісбайұлының 75 жасқа толған мерейтойына арналған «Балалық шақ – балдәурен» атты шара ұйымдастырылды.

Кітап – адамның жан-дүниесінің асыл қазынасы, рухани байлықтың өлшемі, адам интеллектісінің көрінісі. Ол – адамзат үшін ғасырдан ғасырларға жалғасып қызмет етіп келе жатқан ғылым мен өнердің, соның ішіндегі сөз өнерінің туындысы, ғалым адам мен қаламгердің жемісі. Әу баста сол рухани өлшем мен адам ақыл-ойының ажырамас тұнығындай болып көрініс тапқан кітап енді өзін оқыған, пайдаланған адамға да қызмет ете отырып, сол жанды да рухани тұрғыдан байытады, білім-білігін ұштайды, сенімді серігі, ажырамас досына айналады.

Кітапхана басшылығының бұл шараны ұйымдастырудағы мақсаты да жазушыны оқырмандарға таныта отырып, кітапты насихаттау, оқушыларды ғылым мен білімге баулу.

Кешті №21 мектеп оқушылары Абдрахманова Айым мен Абдрахманова Нұрай және №7 мектеп-лицейінің оқушысы Дулат Тамиристің «Біз бақытты баламыз» атты өлең шумақтарымен бастады. Сондай-ақ Ш. Күмісбайұлының «Балалық шақ – балдәурен» атты кітабының «Мен оқушымын. Текетірес» әңгімесінен көрініс көрсетілді. Жазушының оқушы кезін сомдаған №8 гимназиясының 7-сынып оқушысы Сабыр Ұлан актерлік шеберлігін көрсетіп, көрермен көзайымына айналды.

Іс-шара барысында оқушылар жазушының балаларға арналған «Қазақ батырлары» атты кітабымен танысты. Айым Абдрахманова «Мектебім» өлеңімен кешке көрік берді.

Жиында тілі жатық, оқырманын әп сәтте баурап алатын Ш.Күмісбайұлының кітаптары мен шығармашылығы туралы мағлұматтар берілді.

Осылайша бір кітапқа саяхат шарасында Аслан Найманов, Нұржан Шәймен және Алдияр Бақыт есімді №13 мектеп оқушылары «Секіртпе» күйін орындап, кеш шымылдығын жапты. Қатысушы оқушыларға тәттілер таратылып, мақтау қағаздары табыс етілді.

Айта кетейік, Шәкен Күмiсбайұлы – 1943 жылы 17 қазанда Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қаракөз ауылында туған. 1965 жылы Алматы педагогикалық шет тілдер институтының неміс тілі факультетін бітірген. Өз ауылында мұғалім, республикалық «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналында, «Қазақ елі», «Ана тілі» газеттерінде әдеби қызметкер, республикалық «Бала Би», «Айгөлек» журналдарында жауапты хатшы, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов мұражайында бөлім меңгерушісі болып қызмет еткен.

Алғашқы әңгімесі «Жеңеше» деген атпен 1965 жылы Алматы облыстық газетінде жарияланған. 1971 жылы, 1975 жылы екі мәрте балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармалардың республикалық жабық бәйгесінде жүлдегер болған. 2008 жылы «Солақай» кітабы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары