Жанар Дұғалова өнердегі әнші және актриса қыздар туралы ел арасында қалыптасқан стереотиппен келіспейді. Жанардың айтуынша, бұл өмірде табысқа өз күшіңмен қол жеткізуге болады. Ол үшін, міндетті түрде біреудің көңілдесі болу шарт емес.
Бұл туралы Жанар Майя Бекбаеваның «Одна история» бағдарламасында айтты деп жазады Stan.kz .
Дұғалова үшін біреудің көңілдесі болу – бұл дүниедегі ең сорақы әрекет.
«Әр әнші қыз немесе актриса міндетті түрде біреудің тоқалы деген түсінік, стереотип бар. Біреуді даттауға құқығым жоқ. Себебі әр адам өз таңдауын жасайды. Мен тек өзім үшін жауап бере аламын. Мен үшін біреудің көңілдесі болу – ұят, масқара. Мүмкін мен ескінің адамы шығармын, бірақ мен үшін бұл ешқашан да қалыпты нәрсе болмайды. Біріншіден, маған мұндай нәрсемен айналысуға болмайды. Себебі Құдай маған өте көп нәрсе берді, өзімді ондай арзан дүниеге жұмсай алмаймын», – дейді Жанар.
Бұл орайда Дұғалова өнерге жаңадан қадам басып келе жатқан әнші қыздарға кеңес берді.
«Бұл өмірде бәріне де өз күшіңмен қол жеткізуге болады. Міндетті түрде демеушің немесе қолдаушың болуы шарт емес. Құдайдың алдында барынша таза болсаң… Мүмкін біреумен салыстырғанда қарапайым өмір сүретін шығармын. Бірақ мен үшін ар-намысым, дақ түспеген беделім бәрінен биік. Мүмкін мен Bentley-мен жүрмейтін шығармын. Бірақ мен басымда тік көтеріп жүре аламын. Бірде бір адам маған саусағын шошайтып, арсыз жолмен жетістікке жеттің деп айта алмайды. Жас әншілерге айтар кеңесім, табысқа өз күшіңмен, түзу жолмен жүріп қол жеткізуге болады», – дейді Жанар.