$ 498.34  519.72  4.85

Жезқазғанда «Жаңа өлеңмен жүздесу» жобасы өтті

Жезқазған қаласы әкімдігі, «Тіл - тану орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тапсырысы бойынша «Жастар Одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жаңа өлеңмен жүздесу» жобасының кезекті кездесуі өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында осыдан 3 жыл бұрын қолға алынған жоба жүйелі өтіп, әсіресе жас ақындардың белсенді шығармашылық ортасына айналды. Мақсаты ел ішіндегі жас дарындардың танылуына ықпал жасап, олардың шығармашылығын шыңдау, өлең атты құдіреттің қыр-сырын, екінің біріне бұйыра бермейтін зор бақ, жаратқанның берген шексіз сыйы екенін ұғындыру.

Осы уақыт аралығында талай жас талантар танылып, үлкен буын ақын аға-апаларының алдында туындыларын оқып, бақтарын сынаған болатын. Сол алғаш туындылары жинаққа енгенін де айта кеткен абзал. Жаңа өлеңмен жүздесудің бұл жолғы қонақтарының басым бөлігі жас таланаттар, яғни жастар болғаны көңілге қуаныш ұялатты.

Іс-шараны Жезқазған қалалық «Жастар Одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ақжан Әбділдина ашып, жүргізіп отырды. Жиналғандарды «Жезқазған қаласы ішкі саясат бөлімінің жастар ресурстық орталығы» КММ бас маманы, ақын Ізтөлеу Бекенұлы құттықтап, ақындық қасиет жайлы толғамды пайымын айтты.

Осыдан кейін жас ақындарға кезек берілді. Өлең әлеміне енді құлаш сермеп жүрген Әсель Қожамұрат, Аружан Оралбай, Ақелік Темірғали, Мәдина Сейітжанова, Мерей Қайыпова, Анар Алиақпар, Әсел Наурызбай, Думан Сейдалин, Аружан Төлеубек сынды жас ақындар өлеңдерін оқып, тұсауы кесіліп, томағалары сыпырылды. Ұлт ұясы Ұлытаудан арнайы келген ақын бауырымыз Құрмет Тілеулинов соңғы кездері жазылған бір топ жаңа өлеңдерімен бөлісіп, тыңдармандар ерекше әсерге бөледі.

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы дегендей, аймаққа белгілі ұлағатты ұстаз, ақын апамыз Бақтылы Игілікқызы Бекбергенова, ақын-сазгер Гүлсін Айдарбекова жырдан шашу шашып жастарға ақ жол тіледі. Жергілікті әнші-сазгер Айхан Мұсабеков әсем ән шырқап, кешті шырайландыра түсті. «Жезқазған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемелекеттік мекемесінің бөлім меңгерушісі Гүлзада Шомаева, «Нұр Отан» партиясы жанындағы Жезқазған аймақтық «Жас Отан» ЖҚ атқарушы хатшысы Абай Бағчай жастардың қадамына сәттілік тіледі.

Бүгінгі жыр кешінде туған жер, ана, өмір және махаббат жайлы өлеңдер басым болып, рухани ләззат сыйлады.

Ізтөлеу ТҮСІПОВ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары