$ 443.44  480.51  4.88

Жезқазғанда «Қара орамал» сахналанды

Жанат Хаджиев атындағы Халықаралық театр фестивалі аясында алғашқы қойылымды Серке Қожамқұлов атындағы қазақ сазды драма театры ұсынды.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Абай атындағы Ұлт сыйлығының тұңғыш иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресей Жазушылар ұйымының Сергей Есенин атындағы алтын медалінің иегері, қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Ғалым Жайлыбайдың қаламынан туған «Қара орамал» поэма-реквиемі желісімен әзірленген спектаклдің қоюшы режиссері Теміржан Жанботаев.

С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған театры бұл туындыны Хаджиев фестиваліне арнайы дайындады.

Айта кету керек, «Қара орамал» поэма-реквиемі әлемнің 14 елінің тіліне аударылған әйгілі туынды. Сонымен қатар, Швецияда өткен «Open Eurasia» деп аталатын әлемдік ашық конкурста үшінші орынға ие болған екен.

Режиссер Теміржан Жанботаев шығарманың өн бойындағы өршіл рухты қойылымда сәтті көрсете алды. Поэма өткен жылы Швецияда Еуразиялық шығармашылық Гильдиясы ұйымдастырған ашық байқауда жүлделі үшінші орын алған болатын. Халықаралық фестиваль назарына ұсынылған поэтикалық қойылымды жас режиссер Теміржан Жанботаев сахналады.

«Қара орамал» — жиырмасыншы ғасырдың зобалаңы, 1931 жылдан 1956-ға дейін ГУЛАГ құрылымындағы «Карлаг» аталған азап түрмелерінде сталиндік қуғын-сүргіннің адам айтқысыз айуандықпен жүргізілген азалы тарихы, тұтқындар бастан кешкен зұлматтың, «қанды қасап қырғынның» қасіретті шежіресі. Осы жүйедегі «Алжир» лагерінде еш жазығы жоқ Алаш азаматтарының аяулы жарлары мен «халық жауы» атанған басқа да ұлттардың әйелдері азап шекті. Қойылым шетелден келген театр мамандары мен әртістеріне де айрықша әсер етті.

Лагерь тұтқындары шектен шыққан жауыздық пен аяусыз зұлымдықтың ауыр азабы мен қасіретін бастан өткерсе де адами болмыс, кісілік келбеттерін жоғалтпай, жүректеріндегі өршіл рух отын сөндірмейді. Көкірек қан жылап, көзге жас алмай көру мүмкін емес бұл драманы. Көрерменге ауыр тиетін қойылымды театр әртістері ойдағыдай алып шыққан.

Фестиваль күнделігінен сәл ілгері озып айтар болсақ, қазылар алқасының ұйғарымымен «Үздік режиссура үшін» номинациясы С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының режиссері Теміржан Жанботаевқа осы қойылымдағы ізденісіне орай берілді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары