$ 445.66  474.58  4.78

«Алтын адам» Қытайдың ірі музейіне қойылды

Бүгін Бейжіңде ашылған «Жібек жолы бойындағы мемлекеттік музейлердің игілігі» көрмесіне «Алтын адам» мен Қазақстан ұлттық музейінің басқа да жәдігерлері қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жәдігерлер ҚХР-дағы ең ірі және әлемде адамдар ең жиі баратын музей - Қытай ұлттық музейінде ұсынылды. Қазақстанмен қатар, Ресей, Моңғолия, Тәжікстан, Румыния, Словения, Польша, Латвия, Оман, Камбоджа, Жапония және Оңтүстік Корея музейлері өз артефактілерін көрсетті.

 «Біз мұнда «Алтын адам» жинағының ең аз бөлігін алып келдік. Мемлекет қолдауының арқасында біздің коллекциямыз ұдайы өсіп отырады. Қазіргі уақытта Қазақстан аумағындағы археологиялық қазба жұмыстарының барысында жетінші «Алтын адам» табылды. Біз биыл «Алтын адамның» әлем музейлерін аралауы» халықаралық жобасының аясында «Алтын адамды» Ресейде (Татарстан), Оңтүстік Корея мен Өзбекстанда көрсеттік. Әрі қарай оны Италия, Малайзия, Македония, Ұлыбритания, Түркия және Грекияда ұсынатын боламыз», - деді ҚР Ұлттық музейі халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Махметова ҚазАқпаратқа берген сұхбатында.

Көрме 2019 жылдың 14 шілдесіне дейін жалғасады. Қазақстан осы іс-шараға «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ҚХР-дағы ҚР Елшілігінің қолдауымен қатысып жатыр.

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары