Ресейлік «Голос. Дети» жобасының финалисі –10 жасар Ержан Максимнің өнерін құрметтеушілер қатары күн санап артып келеді. Қазақ баласы аталмыш байқаудан екінші орын алса да, оған қолдау білдіріп, түрлі байқауларға шақырып, ұсыныс жасаушылар оның болашағы жарқын екенін білсе керек. Жас әнші өзінің Instagram-парақшасында бірден екі көрнекті азаматпен кездесіп, Игорь Крутойдың музыкалық академиясына шақыру алғанын жазды.
«Достар, Мәскеуге жасаған сапарым сәтті болды. Неге дейсіз ғой, мен ең алдымен, еліміздің аптал азаматы Иманғали Нұрғалиұлымен кездестім. Сол кездесуіміздің нәтижесі ретінде көптен бері армандап жүрген атақты композитор, продюсер Игорь Крутоймен таныстым. Мені студияда тыңдаған маэстро мені ұнатып, өзінің музыкалық академиясына шақырды. Мен қуана келістім. Енді достар, күзден бастап сол жерде вокал бағыты бойынша өнерімді шыңдайтын боламын. Әрине, мұның барлығы Иманғали ағамыздың арқасы деп білемін. Осындай азаматтардың арқасында шығармашылығым жалғасып, жемісін беретініне сенімім мол»,-деген әнші бала «ағасы бардың жағасы бар» екенін аңғартты.