– Ұлттық киімдерімізді жоғалтпауымыз қажет. Оны заманға сай жаңартып, жаңғыртып халыққа ұсынуда дизайнерлердің еңбегі зор. Елбасы мақаласының діттегені осы, – деді конкурстың ашылу салтанатында сөз алған Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев.
Жарысқа Шымкент қаласы және Түркістан облысынан 30-дан астам дизайнер қатысып, жаңа топтамаларын ұсынды.
– Байқауды ұйымдастырудағы мақсатымыздың тағы бірі – қазақтың ұлттық киімдерін күнделікті тұрмысқа енгізуді насихаттау. Сондықтан жастайынан ұлттық киімдерімізге патриоттық сезімін қалыптастырып, рухын көтеріп, оны киіп жүруді әдетке айналдырса деген ниетпен, балалар киімінің де сәнін қостық, – дейді ұйымдастырушылар.
Сайыста кәсіби дизайнерлермен қатар жоғары оқу орындары мен колледждерде білім алып жүрген студенттер де бақ сынап көрді.
Байқау қорытындысында «Ең үздік балалар мен жасөспірімдер киім үлгісі», «Ең үздік күнделікті киім үлгісі», «Ең үздік жұмыс киім үлгісі», «Ең үздік жас жұбайларға арналған киім үлгісі» номинациялары бойынша үздіктер анықталды.
«SN.kz»-ақпарат.