$ 498.34  519.72  4.85

Шымкентте «Қолөнер – сырлы өнер» атты көрме ұйымдастырылды

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйытқы болуымен «Қолөнер – сырлы өнер» атты көрме ұйымдастырылды.

Көрмеге 15-тен астам шебер жиналып, өздерінің төл туындыларын көпшілікке таныстырып, қазақтың ұлттық нақыштарын дәріптейтін түрлі бұйымдарды қала тұрғындарына ұсынды. Бүгінгі көрмеге жергілікті жас қолөнер шеберлері мен зергерлер, сонымен қатар темірден түйін түйіп, сазды сәнді бұйымға айналдырған хас шеберлер бас қосты.

Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеген көрмеде қойылған қос ішекті домбыра, торсық, дорба, масатыдан құрақталған көрпелер адамның көз жауын алады. Бұл бұйымдар – жәдігер емес, қолдануға жарамды дүниелер. Он саусағынан өнер тамған зергерлер мен шеберлер ағаштан, күмістен жасалған құнды дүниелері мен былғарыдан тігілген бұйымдарын әкеліпті. Ондағы бұйымдар жұрт сән үшін емес күнделікті қолданысқа тұтынуға болатын сәндік дүниелер. Мәселен, заманауи әмиян, қол дорбалары дәстүрлі оюлармен әспеттеп, таза былғарыдан жасалған. Ағаштан жасалған түрлі туындылармен қатар, кестелеп тігілген, өрнектеп безендірілген бұйымдар да осы көрмеден табылды.

Келген қонақтар ұлттық нақыштағы киімдер мен зергерлік заттардың бірнеше нұсқасын көріп, жіп иіру, кілем тоқу сияқты алтын қолды шеберлердің де өнерін, бұйымдарын осы жерден тамашалауға куә болды. Осы орайда ұлттық қолөнерді бүгінгі күнде заманауи үлгіде жалғастырып жүрген осы өңірдің танымал шеберлері, халықаралық дәрежедегі шеберлер Бейісбековтер отбасы, Мұхтархан Атахан, Бейсенова Ж., ағайынды Ізбасар мен Дінмұхаммед Мәдәлі, Аманқұл Н., Б.Симова, Ә. Желдібаевтар өз өнімдерін ұсынып, өз кезегінде көрермендерге шеберлік сағатын өткізіп, жастарға өз өнерлерін үйретуден жалықпайтынын жеткізді.Көрмеде көпшілік назарына 200-дей шебердің туындылары мен 100 шақты зергерлік бұйым ұсынылды.

«Басты мақсат – жас қолөнершілер мен зергерлердің басын қосып, туындыларын көпшілікке таныстыру болса, халқымыздың ұлттық нақыштарын дәріптейтін мұндай шара жергілікті қолөнершілер мен шеберлерді қолдауға септігін тигізбек», - деді орталық директоры, мәдениет саласының үздігі Жәнібек Тағаев.

«SN.kz» - ақпарат»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары