14.06.2019, 17:19

«Жүрегі қан жылады»: сынға ұшыраған Қайрат Нұртасты анасы ақтап шықты

Фото: AlashInform.kz
Айдарбекова ұлының наразылыққа қатысты жазған жазбасының да өзімен өзі жойылып кеткенін жеткізді.

Әнші Қайрат Нұртастың анасы әрі продюсері Гүлзира Айдарбекова ұлын сынағандарға жауап берді. Instagram-парақшасында ол Қайраттың халықты уайымдап, жүрегі қан жылағанын айтты.

«Кеше ғана үкімет алдында ән айтып тұр едің деп тиіскендер аз емес. Ол – әнші. Қарапайым xалық шақырса да, жоғарғы жақ шақырса да жұмысы болған соң барады. Шақырылған әншілердің бармай жатқанын көрмедім», – деді ұлын сынағандарға әншінің анасы.

Соңғы болған шерулерді қатты уайымдаған Гүлзира Айдарбекова ұлының айтқан уәжі қабылданғанына қуанышын білдірді.

«Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның шеруде ұсталғандар босатылады деп айтқанын естіп, көңіліміз орнына түсті. Одан бөлек, шенеуніктердің қарапайым xалыққа қызмет етеді дегені, тіпті, жадыратты. Баламның өтініші жауапсыз қалмағанына қуандым», –  деп жазды ол.

Айдарбекова ұлының наразылыққа қатысты жазған жазбасының да өзімен өзі жойылып кеткенін жеткізді.

«Барлық жаңалықтарға шығып кеткеннен кейін қайтадан салмадық»,  – деп қорытындылады сөзін ол.

Еске сала кетейік, Қайрат Нұртастың митингіге байланысты пікірін бұған дейін жазған болатынбыз. Кейін бұл постына қатысты айтылған сынға әнші арнайы пост арнаған еді.