$ 446.49  475.38  4.79

Шымкент: қала күніне орай «Астана Балет» театрының ұжымы гастрольдік сапармен келді

19 маусым – Қала күні мерекесіне орай «Астана Балет» театры мегаполиске ат басын тіреді. Көрермен назарына «Love Fear Loss», «A fuego lento» атты бір актілі балеттер мен «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасы ұсынылды.

Миллиондар мекеніндегі өнерсүйер қауымның қуанышында шек жоқ. Себебі әлемге танылған балет жауһарларының жанды өнерін тамашалауға мүмкіндік алды. Театрдың «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасы – балетмейстерлер Айгүл Тати мен Мукарам Авахридің туындысы. Мұнда түрлі мәнердегі би өрнектері көрініс тапқан: неоклассика мен заманауи және ұлттық хореографияның үздік үлгілерінен өрілген билер көрерменді ерекше күйге бөледі. Дивертисменттің әр нөмірі – Ұлы Даланың төсінде орын алған ғаламат оқиғаларды баян етер дербес спектакль. Концерттік бағдарлама бейнелі-көркем әсерлермен сүйемелденіп, қайталанбас хореографиялық суретімен және жарқын костюмдерімен көрермен жадында жатталып қалары анық.

Шақырылған хореограф Рикардо Амарантенің «Love Fear Loss» балеті француз әншісі Эдит Пиафтың ғажайып өмірінен нәр алып, оның музыкасы мен әндеріне негізделген. «A fuego lento» («Баяу жалын») - классикалық қимылдарды негізге ала отырып, бразилиялық самбо мен танго элементтерінен өрілген балет. Осының арқасында бишілер шеберлік шыңын танытып, көрермен көңілін шалқытады. Осы екі қойылым да зор қошеметпен қабылданып, балетмейстердің қайталанбас пластикалық әсемдігі ерекше байқалып тұрды.

«Бағдарламаға қазіргі заманғы балет кіреді. Және өзіміздің қазақи дәстүрлі билеріміз бар. Жалпы біз шет елге сапармен көп шығамыз. Осы бағдарламамен көптеген елдерді араладық. Халық ерекше ықыласпен қабылдап жатыр» дейді театрдың жетекші солисі Риза Қанатқызы.

«Астана Балет» театры қойылымдары өз елімізде ғана емес, шет елдерде де ерекше ықыласпен қабылданып келеді. Өнер ұжымы Қытай, АҚШ, Ресей, Еуропа елдерінің айтулы сахналарында көрермен көзайымына айналған.

«SN.kz»-ақпарат.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары