Құрметті Шымкент тұрғындары мен қала қонақтары!
Сіздерді еліміз үшін қастерлі әрі маңызды мереке – Елорда күнімен шын жүректен құттықтаймын! Алаш жұртының асқақ айбарындай болған елорда еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық идеясы мен ерен еңбегінің нәтижесінде Еуразия төрінен бой көтеріп, бүгінде әлемнің атақты астаналарымен қатар бой түзеп тұр. Көркімен де, көлемімен де бой таластыра алатын Қазақ халқының жас әрі бас қаласы. Уақыт бүгінде Елбасының ел астанасын көшіру идеясының стратегиялық, экономикалық, жалпыұлттық маңызын жан-жақты ашып, баламасыз бастама екенін дәлелдеді. Елорда мемлекетіміздің қауіпсіздігін, геосаяси еркіндігін, территориясының мызғымастай беріктігін қамтамасыз етті.
Содан бергі өткен 21 жыл ішінде еліміздің бас қаласы – Нұр-Сұлтан төрткүл дүниені түгел тамсандырған тарихи құбылысқа айналғаны ақиқат. Арқа төсіндегі сәні мен салтанаты жарасқан елорда бүгінде озық идеяларды, жаңа ғылыми шешімдер мен сәулет өнерінің озық үлгілерін өмірге әкелетін орталық. Елордада өтетін әлемдік дәрежедегі сан түрлі саммиттер, жаһандық жиындар мен дүркіреген додалар Нұр-Сұлтан қаласының әлемдік аренадағы абыройын асқақтата түсті.
Елорда – Сарыарқа төсіндегі XXI ғасыр ғажайыбы. Нұр-Сұлтан – Қазақстан тәуелсіздігінің тұғыры. Әлемдік мегаполис, арман қала. Сіз бен біз осынау тарихи сәттің куәсі болдық. Шымкент қаласы Елбасы Жарлығымен республикалық маңызы бар үшінші қала статусын алып, мегаполис атандық. Енді Шымкент те Нұр-Сұлтан қаласына қарап бой түзейді. Мұның өзі бізге үлкен жауапкершілік пен міндеттер жүктейді. Алдымызда алып асулар мен биік жоспарлар тұр.
Қадірлі жерлестер!
Елорда күні құтты болсын! Отанымыздың жүрегі – Нұр-Сұлтан қаласы мәңгі жасай берсін! Барша отбасыға молшылық пен бейбітшілік, еңбек жолында табыс тілеймін!
Ғабидолла ӘБДІРАХЫМОВ
Шымкент қаласының әкімі