Қоғам қайраткері Гүлбаһрам Жүніс министрге «Евразия Бірінші арнасындағы» «Қалауым» бағдарламасы жабылсын деген талап қойды, деп жазады stan.kz.
«Желтоқсан-86-Тәуелсіздік қырандары» халықаралық қаһармандары қозғалысының төрайымы бұл бағдарламаны қазақтың арасына іріткі салу деп есептейтінін айтты.
«Өйткені, олар қасақана, әдейі сол жерде отырған жастарды бір-бірмен төбелестіру үшін алдын-ала дайындалады, сосын олар болмайтын сөзге ілінісіп, өзара жаға жыртысады. Бұл дегеніңіз адамдардың арасына от жағып, іріткі салып, жастарымызды бір-біріне дұшпан ғып, жау етіп өсіру емес пе, бұл өте теріс тәлім. Отбасын құратын екі адам өздері шешу керек. Оларға жол сілтейтін ата-аналары бар. Алла Тағалла маңдайына жазған қалаулысына кездестіреді. Сіз бен біздің оларды таныстырумыз дұрыс емес», - дейді Гүлбаһрам Жүніс.
Қоғам белсенділері бар, жалпы халық бәріміз бірігіп, бұл бағдарламның жабылуын министрліктен талап етуіміз керек деген пікірде ол.
«Мен өзім талап етемін! Өйткені бұл жерде ұлтқа ұят нәрсе жасалып жатыр. Адам көңілінен шықпайды. Сол бағдарламаны көріп отырсаң қызы да, жігіті де, барлығы да ұяттан безген, аузына келген сөзді айтады, бұл масқараны тоқтату керек. Оны тек біз ғана көріп отырған жоқпыз, басқа ұлттар, басқа мемлекеттер көріп отыр, олар біз туралы не ойлайды. Бұған қарсы жалғыз мен емес, талай адам айтып жатыр, жазып жатыр. Бірақ, одан еш нәтиже шығар емес. Мәдениет министрлігі, Ақпарат министрлігі қайда қарап отыр?! Бұл бәлені құртуымыз керек. Оның орнына ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптейтін, ұлтымызды өркендететін, тілімізді көркейтетін танымдық бағдарламалар жасалуы тиіс. Қазаққа қажет емес бағдарламаға қаражат құртқанша, ұрпағымызға тәлім-тәрбие беретін жобалар көбейсін», - деген талабын қоғам белсендісі осы салаға жауапты лауазымды азаматтарға жолдамақ.