Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Атырау облысы, Индер ауданында қос ескерткіштің ашылуы болды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Атырау облысы Индер ауданының орталығы Индербор кентінде жампоз жырау, сөз сүлейі Мұрат Мөңкеұлы және қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовқа арнап ескерткіш қойылды.
Қасиетті топырақты жайлаған қалың елдің бұл қуанышын бөілсуге облыс әкімдігі мен қоғам қайраткерлері, Сенат және Мәжіліс депутаттары, қоғамдық ұйым өкілдері, БАҚ қызметкерлері келді.
Мұрат Мөңкеұлына арналған ескерткіштің биіктігі 7 м мүсіндік бөлігі қоладан құйылған. Авторы - ҚР Суретшілер одағының мүшесі Жақып Құттыбек Тыныбекұлы.
Бард әнші Табылды Досымовтың ескерткіші аудан орталығындағы аллеяға орнатылып, халық көп жүретін мекенді одан сайын жандандыра түсті.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Индер ауданының Құрметті азаматы Табылды Аяшұлы Досымовтың рухы Махамбет жатқан қасиетті топырақтың түндігін осылайша биік рухымен тербеді.
Ескерткіш композициясында 4,5 метрлік гранитке Табылды Досымовтың «Биіктік» өлеңі жазылған. Ұшар басындағы құс ақын мұрасының бүгінгі күнмен үндестігін көрсетеді. Мүсіндік бөлігі 2 м.60 см. Авторы - ҚР «Мәдениет қайраткері», ҚР Суретшілер одағының мүшесі Бақытбек Ақажанұлы Мұхаметжанов.
Тұтас бір күнге созылған еске алу және тағзым етуге арналған шаралар легін орталық мәдениет үйінде «Мұраттан Табылдыға дейінгі: «Ұлылар үндескен күн» сахналық қойылымы мен концерттік бағдарлама қорытындылады.