Қараша айының 9-ында Әли Оқапов Алматыдағы жанкүйерлеріне жеке концертін ұсынбақ. Бұл туралы толығырақ Shownews.kz хабарлайды.
Былтыр алғаш рет бас қаладағы көрерменіне есеп беру кешін өткізген өнерпаз, биыл Алматы жұртшылығына тың шоуын ұсынуды көздеп отыр. Қазір ол таяудағы концертіне барын салып, қызу дайындық үстінде.
«Мен үшін ол жай ғана кеш емес, есеп беру. Емтихан. Сондықтан мен өзімді әнші, композитор, әртіс ретінде дұрыс көрсете біліп және қандай дәрежеде екенімді, көрерменге не айтқым келетінін жеткізуім керек», – дейді Оқапов.
Кешіне санаулы күндер қалғанын ескерген әнші, дайындығын үдете түскен. Себебі, бүгінгі таңда көрерменнің талғамы жоғарылап, талабы да күшейген. Кеш иесі концерттік бағдарламаға халық әндері, ретро хиттерді және авторлық туындыларды тоғыстырған. Сонымен қатар күтпеген тосын дуэттер де болатынын айтты.
Әншінің сахналастары соңғы кезде кештерін жанды дауыста беруге көшкенмен, көбі әлі де фонограмманың көмегіне жүгінеді. Ал, Әли бұл үрдіске үзілді-кесілді қарсы. Себебін түсіндіруден де тартынбады.
«Менің анам – Роза Қуанышқызы Рымбаева. Әр концертін жанды дауыста, оркестрдің сүйемелдеуімен өткізеді. Осындай ананың қасында мен қалай фонограмманың арқасында концерт беремін. Қалай? Ол мен үшін кешірілмейтін жағдайдың бірі», – дейді әнші.
Өнер иесі live форматта кеш өткізудің оңай еместігін жақсы біледі. Бірнеше мәрте тығырыққа да тірелген.
«Жанды дауыста концерт беру оңай емес. Өздеріңіз білесіздер, кейде әнді айта тұра, секіріп кететін кездеріміз болады. Кей кездері, тіпті, демімді дұрыс ала алмаймын. Кейде биді ұмытып қаламын. Осындай көптеген қауіпті жағдайлар бар» – деп, Оқапов түрлі қиындықтармен бетпе-бет келетінін ашып айтты.
Балашақтан болашаққа дейінгі әр маңызды сәтін анасымен ақылдасып, екеуара ой сүзгісінен өткізетін Оқапов, бұл жолы Халық әртісінің көмегіне көп жүгінбепті.
«Шыны керек, анамның бұл концертке бірде-бір әсері жоқ. Барлығын ұйымдастырған өзім. Тіпті, режиссер екеуміз анамның өзін таң қалдыру үшін кейбір нәрселерді ойдан шығардық», – дейді әнші.
Алайда, анасының қолдауына мейлінше қанық әнші, тыңдармандарының сарайды лық толтыратына күмәні барын жасырмады.
«Міндетті түрде толады, міндетті түрде болады деп, мен нақты айта алмаймын. Оның бәрі көрерменге байланысты. Бірақ, қорқыныш, қобалжу бар» – деп, ашығын айтты Әли.