Танымал сықақшы Көпен Әмірбек тойдың біраз кемшілігін байқады. Сатирик қазіргі үйлену тойындағы беташар рәсімін де сынға алды, деп мәлімдегі SkifNews ақпараттық порталы Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
"Баяғыда келіннің беташары қалай болды? Әдемі дәстүр, әдемі әдеп, бір ғажап қуаныш пен шаттық болатын. Ал қазіргі беташарларда асабаның негізгі мақсаты - келінге көбірек сәлем бергізіп, қонақтардың қалтасын қағу. Анаған бір сәлем, мынаған бір сәлем дейді. Содан олар ақша салып, бәсекеге түседі. Баяғы заманда беташар жасап, ақша тастайтын дәстүр бар ма еді? Жоқ. Ол қайдан келген нәрсе? Кешегі кеңес үкіметінің соңғы бір 10-15 жылында нарық заманына байланысты енді-ау деймін. Міне, тойдың сәні мен сымбаты да содан кетіп отыр. Соған етіміз үйреніп кетті", - деп сөзін түйіндеді Көпен Әмірбек.
Жазушының айтуынша, қазіргі тойда бір адам тілек айтады, қалғаны соның бәрін қайталап шығады. Сол себепті кеңес заманынан келе жатқан "өзбектің тойы - би-жарыс, орыстың тойы - құй да іш, қазақтың тойы - жиналыс" деген келеке сөз әлі де өзекті болып тұр.