Шыны керек, бәрімізді «Выживший»-ге сүйреген құдірет – Леонардо Ди Каприоның шеберлігіне деген сүйіспеншілік. (Әйтпесе кинотеатрда күнде кино) Бұл кинода ол құралайды көзге атқан мерген Хью Гласстың кейпіне енеді. Анау-мынау емес, аюға қақпан құрып, талайын қолға түсірген кәнігі аңшы. Алайда сөйтіп жүріп ол аюды ашындырса керек, оны күндердің күнінде өзі сол бір алпамсадай аңның тырнағына ілігіп, әбден таланғанда бір-ақ білді. Ди Каприоның актерлік шеберлігі ә дегеннен осы тұста-ақ сынға түсті.
Қап қара құбыжықтай кірегей анадайдан ақырып кеп атылғанда, қарсы алдындағы актер түгілі экранның бергі жағында жайлы орында поп-корн жеп отырған мына біздің зәремізді зәр түбіне кетірді. Қорыққаннан демімізді ішімізге тартып біз отырмыз, ал аңшы болса, аюдың астында езіліп, тырнағы тиген жерден шып-шып ағып жатқан қып-қызыл қанға боялып, өмір мен өлім арасында арпалысып жатыр. Кеңірдек тұсы жыртылды, сүйек-сүйектері сынып, буындары быртылдап үзілді. Бірақ өлермендік пе, жоқ көрер жарығы бар ма, әйтеуір аңшының кеудесінен шыбын жаны шықпай қалды. Ол, ол ма, қандыкөйлек қарақшы достары қарлы шыңға көтерілер тұста тірі қалу үшін оны тастап кетуге мәжбүр болды. Қасына екі жендет пен ұлын тастады-ақ, бірақ қаскүнем достан, аң да болса, аю артық па дерсіз. Екі аяқтының жауыздығын қойсаңшы, аңшыдан көз жазбай қарап, ажалы жетсе ғана арулап көмеді деген жолдастардың ішіндегі бір сұмпайысы оны тұншықтырып өлтірмек болады, өлтіре алмайды, бірақ көзі шалып қалған ұлын өлтіріп, солайша аңшы үмітінің шырағын сөндіріп кете барады. Осыдан өткен өлім бар ма? Бірақ біздің кейіпкер одан да тірі қалды. Не деген өлермендік, қол-аяқта жан жоқ, аузы буулы, аюға таланған денесі шіріп жатса да, көміліп жатқан көрінен тырмысып шыққан ажалсыз аңшы Хью Гласс рөлін сомдауға мейлі қанша миллиондаған қаламақы төлесе де, кез келген актердің келісе қоймасы хақ. Келіссе де, нанымды етіп ойнай алар ма еді? Аш адамның ашкөздікпен судағы балықты тірідей, өлексе етін шикідей жейтін жиіркенішті тұстарын дәл Леодай алып шыға алар ма еді? Көз алдында ұлын өлтіріп жатқанда кеудеде жаны бар дегені болмаса, аяқ-қол түгілі саусағын қимылдата алмай жатқан батырдың шарасыздықтан аузынан ақ көбігін ағыза тулағанын соншалықты шебер сомдай алар ма еді? «Титаниктегі» албырт сезім құшқан бозбала, «Авиатордағы» үстіне шаң қондырмайтын гламур бейненің ізі де жоқ, мұнда ол астындағы атының ішін ақтарып жіберіп, анадан жаңа туған қалыпта әлі жылуы сөнбеген жануардың тәнін жамылып түнеп шығады. Әйтпесе тісің-тісіңе тимейтін сақылдаған сарышұнақ аяздан тірі қалуы екіталай еді. Қысқасы не керек, «қырық жыл қырғын болса да, ажалсыз өлместі» аңдататын фильмге түсініктеме айтып шығу емес мақсат, біріншіден, әлемдік кинематография қорына «Выжившийдей» жаңа бір ұлы туынды қосылғанына «браво»! дегіміз келді. Алехандро Гонсалес Иньярритудің режиссерлігімен дүниеге келген жаңа туындыны жұрт осы бастан «Оскарға» лайық деп танып отыр. Және ол оның бүкіл өміріне жетерлік даңқ сыйлағалы тұрғандай. Себебі ме?
Себебі көп...
Біріншіден, фильм оқиғасы ойдан құрастырылған емес, өмірде болған жайт.
Екіншіден, операторлық жұмыс, монтаж, музыка бәрі-бәрі шеберлікпен жымдасқан. Қаражаты да қомақты: 95 миллион доллар бөлінсе керек, бірақ бюджет 135 миллиоға шыққан.
Үшіншіден, фильм көптеген басқа кинолар сияқты жып-жылы павильонда, жасанды реквизиттермен емес, кәдімгі тірі табиғатта тау-тас, ну орман, аң-құс арасында, сақылдаған сары аязда, шелектеп төккен жауын астында, кинода қалай бар, солай шынайы түсірілді. 2014 жылдың қыркүйегі мен 2015-тің тамызы аралығында Канадада түсірілмек боп жоспарланған түсірілім ауа-райының жайы тек Аллаға аян болғандықтан оны әлемнің әр нүктесінде түсіруге тура келген. Енді өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз, оқиғасы ит азап фильмді түсірудің қаншалықты қиындық туғызғанын.
«-25 пен -40 градус суықта актерлер киноға түсуі үшін жалаңбас, жалаңаяқ жүрді. Адам түгілі темір екеш темір құралдарымыздың өзі қақаған суықтан сынып, оларды жөндеуге қанша жүйке кеткенін, кино түсіруші топ түгел жып-жылы павильонда аяқты аспанға көтеріп жатқан жоқ, яғни, «Тірі қалуды» олар ойнаған жоқ, шынында өз бастарынан кешірді» дейді киногерлер сол кезді еске алып.
Ал, біз оған сенеміз. Егер әрине, туындыны маңдай көзі емес, жүрек көзімен көрген болсақ. «Кеудеңде шыбын жаның барда, соңғы демің таусылғанша күрес» деген сөзді аңшыға емес, өзіміз соның кейпіне еніп кетіп, аюға таланып, тірідей көміліп, төніп келген жаудан қашып құтылу үшін жанұшырып жүгіріп келе жатып, биік құздан асау өзенге секіріп кетіп, таудай толқындар аузы-мұрынға құйған суды тұншыға жұтып, енді өлдім-ау дегенде ағып келе жатқан жалғыз бөренеге жармасқан Гласс емес, өзіміздей сезінсек... Біздің сезіне алу-алмауымыз, сене алу не сене алмауымыз ол сол рөлді сомдаған актердің шеберлігіне тікелей байланысты. Ал Ди Каприо өзіне артылған бұл ауыр жүкті көтеріп алып шықты. Оның көзінде өзге бір әртістердей «экраннан қайтіп көрініп тұр екенмін?» деген бір грамм ой көргеніміз жоқ, тіпті біз оның голливуд серісі Лео екенін ұмытып та кеттік. Себебі ол ашынған, ашыққан, тіршілік үшін тырмысқан, аюдың емес, ажалдың аузынан аман қалған аңшыға айналып кетті. Ал, осыдан кейін оған «Oscar»-ды бермей көрсін! Онда ондай «Oscar»-дың атасына нәлет!
Мәриям ӘБСАТТАР