$ 444.32  473.33  4.76

«Жансебіл». Хью Гласс шынайы өмірде кек алды ма?

Жыл басынан бері ғаламтордағы тренд тақырыптардың бірі – «Жансебіл» фильмі, Леонардо Ди Каприоның «Оскарға» лайықты немесе лайықсыздығы... Оның образға ену үшін шикі балық жеп, өлген жануардың терісін оранғанына дейін біліп алдық. Фильмді көргендер де, трейлерін ғана көргендер де жаппай пікір білдіріп жатыр. Ал Ди Каприо жанын аямай сомдаған кейіпкер кім? Өмірде шынымен аюға таланып, «жағдайсыз жалғыз қалып» кеткен бе? Кек алған ба рас па, әлде бұл тек кинода ғана ма?

Хью Гласс туралы мәлімет тым аз. Сол там-тұм мәліметке көз жүгіртсек, расында да ерекше тағдыр кешкен адам екен. 1783 жылы Филадельфияда құрылысшының отбасында туған. Әкесі ұлының заңгер болғанын қаласа да, Хью мантия киіп, балға ұстап сот залында отырғанша, тау-тасты кезіп, саяхатшы болғанды артық көріпті. Сөйтіп, әкесін дегеніне көндіріп, сауда жасайтын кемеге мініп кете барады. Біраз жылдар кемемен Кубадан ром, қант тасып, контрабандаман айналысқан.

 Хью Гласс – үндістердің тұтқыны

Алғашында кеменің еденін жуған Хью бірте-бірте өзінің мықтылығын көрсете бастаған. Өкінішке қарай, бақытсыздыққа тап болады. Ол мінген кеме қарақшылардың шабуылына ұшырап, тұтқынға түседі. Араға біраз уақыт салып, Жан Лафит деген әйгілі теңіз қарақшысының тұтқынынан қашып шыққан жиһангезге жалғыз-жаяу әлденеше жүздеген шақырымдық жерді басып өтуге тура келеді. Сорлыға сортаң жер кезігедінің керімен, күндіз жасырынып, түнде жүріп келе жатқан жігіт үндістердің қолына түсіп қалады. Пауни тайпасы алғашында оны рәсім бойынша өртеуге қамданғанымен, қандай да бір себеппен тірі қалдырғанды жөн көріпті. Осылайша, Гласс үш жыл үндістердің ортасында өмір сүріп, жабайы табиғатта өмір сүрудің қыр-сырын жетік меңгереді. Ержүрек азамат, мықты аңшы, қайырымды адам ретінде тайпаның құрметіне бөленеді, белді мүшесіне айналады.

Хью Гласс – ізкесуші

1821 жылы Хью Гласс үндістердің дипломатиялық миссиясын арқалап, пауни таспайсының талап-ілектерін айту үшін Сент-Луис қаласына келеді. Өркениетті қимай, бірер жыл қалада өмір сүреді. Алайда, бір жылдан кейін газет бетіндегі экспедицияға адам іздеген жарнаманы көріп, тағы да тұмса табиғатқа оралу туралы шешім қабылдайды. Бағалы аң терілерін әзірлеумен айналысатын компания Миссури өзенімен экспедиция жасау үшін тәжірибелі аңшы, ізкесуші, үнемі қарақан басына хикая іздеп жүретін авантюристерді жинап жатыр екен. Хью Гласс соған жол көрсетуші болып шыға келеді.

Сапар кезінде қатал табиғат пен үндістердің соққысынан зардап шеккен экспедицияның біраз мүшесі қаза табады, Гласс та аяғынан жараланады. Арикара үндістерінің қоршауында қалған экспедицияны майор Эндрю Генри бастаған әскери бөлімше құтқарып қалады. Сөйтіп, олар Гранд Ривер өзенін бойлап, фортқа бет алады. Фортқа бірнеше күндік жол қалғанда, Гласс өзінің түбіне жете жаздаған аюмен кездесті.

Хью Гласстың аюға талануы

...Иә, Гласс отрядтағы ең тәжірибелі ізкесуші ретінде үнемі жол бастап жүретін. 1823 жылы, тамыз аяның аяқ шенінде ит тұмсығы батпайтын ну орманның ішінде серіктестерінен ұзақта жүрген ол күтпеген жерден қонжығын ертке аюға кезікті. Биіктігі екі жарым метрден, салмағы 400 келіден асатын кірекей оған бірден тап береді. Жалғыз-ақ рет атуға мүмкіндігі болатын түйсігімен сезген Гласс аюды қақ жүрегінен көздеп атты. Алайда, бір оқ алып жануарды құлатып салуға аздық етті. Белбеуіндегі қанжарын суырып алуға үлгермеді. Кірекей соңғы күшін салып, пышақтай тістерімен, өткір тырнақтарымен байғұсты паршалай бастады. Ізкесушінің жан дауысы шығарып шыңғырғанын естіген серіктері келгенде Гласс өлі аюдың астында жатыр еді.

Серіктері аюдың астынан алып шыққанда Гласстың жарақатын көріп шошып кетеді. Аяғы сынған, арқасындағы тіс пен тырнақтың ізінен қабырғасы көрінеді, жалбырап тыртылған басы терісі басына әзер ілініп тұр. Тамағындағы жарақатынан кеңірдегі көрінеді, демалған сайын қанды көбік шығады. Қысқасы, тура кинодағыдай.

Жолдастарын тірідей жалғыз қалдырып кету трапперлерге тән қасиет емес. Олар Глассты бәрібір өледіге балап, өздері сапарды жағастырды. Жарақаттанған аңшыны адамша жерлеу үшін, кәнігі аңшы Джон Фицджеральд пен Джон Бриджер есімі бозбала жанында қалды. Ол екеуі Гласстың жаны шығуын 5 күн, қашан бірнеше үндістің қарасы көрінгенше күтеді. Атқа мінген, қарулы үндістерді көрген соң өз өмірлерін сақтау үшін есінен танып жатқан Глассты қазылған көрге тастап, үстін жапырақпен көміп, заттарын алып, отрядтың соңынан кете барады.

Хью Гласс – жансебіл

Көрде тірілей көмілген ізкеуші екі күннен кейін көзін ашты. Аш, жарақаты жанына батып барады. Адамдар қоныстанған жақын жер 320 шақырым жерде. Жата берсе, өлетінін түсініп, жер бауырлап жылжи бастайды. Алғашқы күндері 2-3 шақырымнан жүрді, жеуге жарамды жидектерді қорек қылды. Бірте-бірте күш жинап, ағашқа сүйеніп жүруге жарады. Үндістердің ортасында өмір сүрген тәжірибесін пайдаланып, түнде от жағып жылынды. Жабайы үндістер жайлаған 320 шақырымды екі айда кесіп өткен Хью Гласс Кайова фортына кіріп келгенде, адамнан гөрі әруаққа көбірек ұқсайтын. Аш-арық, үсті-басының бәрі қаптаған жарақат, арқасындағы жарасы құжынап құрттап кеткен екен.

Хью Гласс Фицджеральдты өлтірмеген

Фильмнің сценарийіне салсақ, Глассты далада өлуге қалдырып кеткен, ұлын өлтірген Фицджеральд фильм соңында өлім құшады. Алайда, шынайы өмірде олай болған емес. Иә, ол айдалада қаңғып келе жатып кек алу туралы ойлағаны рас. Кайова фортында бір ай жатып күш жинағаннан кейін ол дұшпандарын іздеп Генри фортына аттанады. Бір ай жүріп жеткен соң, алдымен өзін қалдырып кеткен екеудің бірі – Бриджер есімді бозбаланың тұмсығын бұзады. Егер сол жерде өлтірсе де, серіктерінің ешқайсысы қарсы болмас еді. Алайда, неге екені белгісіз, тірі қалдырған. Бір айта кетерлігі, бозбала Бриджер кейін АҚШ тарихындағы ең әйгілі ізкесушілердің біріне айналған. Бағалы аң терілерін саудалайтын саудагер болған. Үндістерден басқа адамдардың аяғы жетпеген жерлерге ең бірінші болып қадам басып, тың жерлердің картасын жасауға өлшеусіз зор үлес қосқан. Үндіс тайпаларының қызын алып, ұрпақ сүйіп, қартайғанда өз ажалымен өлген.

Ал Фицджеральд болса, Хью Гласстың тірі қалғанын естіп, отрядтан табанын жалтыратып үлгереді. Сол қашқаннан қашып отырып, жазаланудан құтылып кету үшін АҚШ әскерінің сапына жазылады. Гласс оны іздеп тапқан кезде АҚШ-тың солтүстік-батыс аймағында беймарал әскери міндетіп өтеп жүр екен. Гласс АҚШ әскерінің сарбазын өлтіріп тастауға батылы бармады, өлтірген жағдайда оның өзі де заң бойынша өлім жазасына кесілер еді. Фицджеральд Гласстан кешірім сұрап, өлгелі жатқанда алып кеткен Кентукки винтовкасын қайтарып берген.  

Жансебіл Хью Гласс қалай өлді?

Анық ажалдан аман қалғаннан кейін де Хью Гласс бұрынғы кәсібін жалғастырды. Миссури мен басқа да өзендерде жүзіп, терісі құнды аңдарды аулайтын аңшыларға жол көрсетті. Арада он жыл өткеннен кейін атақты ізкесушінің түбіне ақыры үндістердің арикара тайпасының жауынгерлері жетті. 1833 жылдың қысында үндістер оны қасындағы екі серігімен бірге өлтіріп, бас терісін сыпырып алды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары