$ 494.87  520.65  4.91

«Мамам мені өлтір(е)ді...»

Аңсаған Мұстафа суретінің кейіпкерлерімен біз күнделікті өмірде қатар жүрміз. Біз оны танымаймыз, кім екенін білмейміз, бірақ бірге ауа жұтып, жер бетін бірдей басып, тіпті автобуста, аялдамада, метрода, көшеде қарсы ұшырасып қалуымыз да бек мүмкін. Алайда, «адам аласы ішінде» емес пе,  сондықтан ол сізге, не сіз оған жайбырақат күле қарауыңыз да ғажап емес. Ал егер сіз оның әлгінде ғана қолын қанға малып, өз баласын өзі өлтіріп келе жатқанын білсеңіз ше? Не істер едіңіз?

Сондай бір қыздың хикаясы: 

Дана – сыныптағы ең сұлу қыз еді. Қарақат көзі, қою қара қасы, белден төмен төгілген шашы – бәрі-бәрі табиғи. Сондықтан осы он бес жасына дейін-ақ оған қаншама бозбала сөз айтып үлгерген. Бұрын тек сабағын оқып жүретін қыз, кейінгі кездері өзгере бастады. Өзгерткен өзіне түсініксіз бір сезім. Өз қатарластарының сезіміне селт етпейтін, тіпті қаншасына күле қарап, енді біріне жауап та бермей безеріп жүретін. Ал мына жігіт (оқушы көзімен қарағанда, жігіт, әйтпесе ол да оқушы бала, автор...) ешкімге ұқсамайды. Жүріс-тұрыс, киім киісі, тіпті шаш қайыруына дейін Ку Чунтпөден (кәріс сериалының кейіпкері) аумайды-ау, аумайды. Сондықтан алғаш ауысып келген күннен бастап бүкіл мектеп оған осындай ат қойып алды. Түрі-ғана емес, мінезі де тура сол. Әлде еліктей ме... қысқасы паң, тәкаппар жігіт ешкімге мойын бұрмайды. Өзінің әл-ауқаты да мықты. Бірінші күні сабаққа су жаңа көлік мініп келгенде-ақ «Байдың баласы екен» деп қыздар ах ұрған. Ия, келді, келді де, бәрін нілдей бұзды. Ешкімге мойын бұрмайтын Дананың өзі оған қалай ғашық боп қалғанын сезбей қалды. Ол болса қарамайды. «Қалайша? Басқалар қол жеткізе алмай жүрсе, бұл неге?.... деген ой бойжеткеннің ызасын туғызды. «Мен оны қайтсем де өзіме қаратам» деп іштей тістенген бұл күн сайын оның жолын тосып, көзбен арбап, қабақпен ымдап, қала берді түрлі смс жазып, әлеуметтік парақшада лайк басып, жекеге жазып, ақыры бетін бері қаратты. Онда да мысық пен тышқанның ойыны сияқты еді екеуінікі. Күндіз қату, кешке тату, яғни, ел көзінен жасырын. Ол ойына түскен кезде мұның үй жағына келіп, қоңырау шалады не хабарлама жазады. Қыз бір сылтау тауып, үйден сытылып шығады. Түн болмай үйіне қайтып жүретін қыз. Бір күні жігіті «Ертең – менің туған күнім, сондықтан бір өтінішімді орындашы. Кешкісін клубқа кел. Екеуміз ғана тойлайық. Мен де ешкімге сездірмеймін. Маған тек сен ғана керексің...» деді.  Қалай жоқ десін, өзі әрең қаратқан жігіт, бүгін қызға өзі өтініп отырса...  Үйіне айтатын кезекті бір өтірігін қалай қиюластыруды ғана ойлады қыз. Сыныптағы ең жуас, сабақты ең жақсы оқитын қызға өзінің әдемі әшекейін сыйға тартып, анасына қоңырау соқтырды. «Апай, ертең менің туған күнім еді, кешкісін үйге қонуға Дананы жібересіз бе?» деп ең үлгілі қыз хабарласып тұрған соң, мамасы рұқсатын берген. Сонымен мәселе шешілді. Таң атқаннан туған күнге дайындалды бұл. Не керек, онсыз да сұлу, барынша жасана киініп барғанда, клубта сыра ішіп масайрап отырған бозбаланың көзі шоқтай жайнап кетті. Сол кеште әлемде тек екеуі қалғандай биледі, біріне-бірі армансыз қарады, аймаласты. Оған да қанағат таппаған албырт сезім екеуін жігіттің қала сыртындағы екінші үйіне ала жөнелді. Оңаша үй... Екеуі ғана... өздерін сол сәт кинодағы ересектерден еш кем сезінген жоқ... Есалаң күй тіпті «үйге қайт» деп бірнеше рет қоңырау шалған «сұрап алған құрбысына» да жауап қаттырмады.  Қысқасы, сол түні үй іші Дананы сыныптас қызында деп ұқты. Ал ол «КуЧунтпөнің» құшағында түнеп еді. 

Ертесіне барып есін бір-ақ жиды. Кірпігін ашқанда, көзі бөтен төбені көрді. Селк ете түсіп, орнынан ұшып тұрғанда қызыл қанға жуылған ақ жаймада жалғыз жатыр екен... 

****

Бұл түн жайлы жан баласына тіс жармай, үн-түнсіз жүре берер ме еді, бір күні құрсаққа сәби біткенін білмесе. «Чунтпө» болса, сол түннен соң-ақ бұған қарамақ түгілі танымайтын адамдай безеріп жүр. Нөмірін де өзгертіп, мұны көргеннен қайырылып кетіп... жазған хабарламасына бір рет қана «өзің ғой келген, мен сені қинаған жоқпын, және ол кеште менімен бірге болғаныңды кім көрді? Отвали а...» деген жауап жазды. Сондықтан басындағы жағдаймен қыз жападан жалғыз қала берді. Ең бірінші қорқынышы – «мамам мені өлтіреді» деген ой. Құрбы дейтін құрбы жоқ. Оған да кінәлі өзі, тәккаппарсып жалғыз жүретін. Бір ғана үміті бар еді – алдырып тастау деген... Оған да кеш екен... Сондықтан тек бір-ақ жол қалды. Күн сайын «Ку Чунтпөге» кектене-кектене қатып қалған жүрек ақыры сол ойын жүзеге асыртты. Алты ай толғанда іші жасырып жүруге бағынбай, қыз үйден қашып кетуге мәжбүр болды. Қаланың бір шетінде арзан пәтер жалдап, тек қажет жағдайда ғана үйінен шығып, ай-күнін күтіп жатты. Азаннан кешке дейін интернеттен қалай босануды ғана оқиды. Қайта, көп ұзамай жетінші айда оның толғағы басталды. Он бес жасар қыз, өмірінде бірінші рет босанған жандай емес, кәнігі акушердей өзін өзі босандырып, аз тынығып алған соң, әлі қан-жоса күйдегі шарананы бір жапырақ жаймаға орап, күл-қоқыс жаққа тартып отырды. 

***     

Қалған жағдай күн сайын дерлік көз алдымызда... Қоқыс жәшігінен, дәретханадан, тіпті тас жолдың қақ ортасынан қызыл шақа сәбилер табылып жатыр. Ресми дерек, жыл сайын 100 мыңға жуық жасөспірім қыздар жүкті болып қалатынын айтады. Алысқа бармай, осы бір-ақ айда үш бірдей қылмыстың беті ашылды. Кінәлілер – сырт көзге еліктің лағындай сүйкімді, бесіктен белі шықпаған қыздар. Он алты, он жеті, әрі кетсе он тоғыз жаста... Иә, ол «мамам мені өлтіреді...» деп қорқып, өз баласын сол жолға құрбан етті... Кейбіріне тіпті анасы «ақыл» берген... Ел-жұртқа сөз болмау, күлкімен мазаққа қалмау, «қызына ертең ешкім құда түспей қоймасын» дейді енді бірі... Қысқасы, жалған ар-намыс құрбаны құрсақтағы сәби... Бірін ит-құс жеді, бірін көлік қағып... қысқасы өмірге келген күні өлім құшағына кететіндей не жазығы бар еді оның? Ең өкініштісі, өз анасының қолымен... өз әжесінің «даналығымен»... өз әкесінің «көкектігімен»...

Мәриям ӘБСАТТАР,

Фото: Аңса МҰСТАФА.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары