Балғынбек Имашев Алматы атауын өзгертуге қарсылығын білдіріп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Айтыскер қазақтар үшін Алматының ешқашан «Алма-Ата» болмағанын, ол атауды тек орыстілділердің аузынан еститінін ашып айтты.
«Бұл Сілеті, Шідерті, Өлеңті, Көкпекті деген сөздердегідей «ты, ті» деген жұрнақ арқылы жасалған есім сөз. Алмалы деген нұсқасы да болған. Қазақта Қарағайлы, Текелі, Арқарлы, Қопалы, Миялы деген мысалдардағы «лы, лі» немесе, «Шеңгелді, Қарағанды, Ошағанды деген мысалдардағы «ды, ді» жұрнақтары арқылы жасалған есім сөздер де бар. Қазақтың ру-тайпаларындағы көптеген атаулар осы үлгіде жасалған. Мысалы, Ысты, Шапырашты, Ошақты, Сіргелі, Балғалы, Орақты, Балталы, Бағаналы, Қайшылы, т.б.» деп ақын оңтүстік шаҺардың қазіргі атауы барлық тілдік нормаларға сай келетінін жіліктеп жазған.
Айтыскер Алматы атауына тиіспей, Павлодар мен Петропавл атауын өзгертуді ұсынды.
«Алматы – қазақтың төл сөзі! Алма-Ата деген еш қисынға келмейді. Қамбар ата, Зеңгі баба, Сексек ата бар бізде, Алма ата жоқ! Олжас аға, орысша Алжас аға, Алжаспаңыз! Елді де, ел басындағыларды да алжастырмаңыз!», – деп датын айтқан ақын мемлекет басшысынан мұндай теріс ұсыныстардың жетегінде кетпеуді ашына сұраған.
«Осы тәп-тәуір атауы бар елді-мекендер мен қалалардың атын өзгерте бергеннен басқа жұмыс жоқ па? Басқа уайым жоқ па? Ақша тасып бара ма? Әлде, ол ақшаны жұмсайтын сала жоқ па? Онсыз да шыдамы таусылуға шақ тұрған халықтың сабырын сарқығанша, болатын тірлікпен айналысса екен жоғарыдағы ағалар», – деп Балғынбек Имашев жоғары жақтағыларға үндеу жолдады.