$ 514.65  544.6  5.17

«Тойский ән бар ма?»: Ұлықпан Жолдасов қазіргі әншілердің талғамына налып, жылап жібере жаздады

Ән хит болуы үшін оған сөз жазудың тіптен қажеті жоқ екен. Мәтін неғұрлым мағынасыз болса, әннің хит болу мүмкіндігі соғұрлым арта түседі.

«Қазақстандық кейбір әншілер «тойский» туындыларға әуес!». Бұл - танымал композитор Ұлықпан Жолдасовтың пікірі. Оның сөзінше, қазіргі өнер «жұлдыздары» көрермендерін сыйламайды. Тіпті халық асыға күткен концерттерге кешігіп келіп, асығып кететіндері де баршылық дейді. Жас буынның осындай әрекетіне қарны ашып, көңілі қалған композитор тыңдармандардың да талғамы төмен екенін айтып қалды. Сонымен біз хит деп жүрген қандай әндер? Олардың құны қанша? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.

Кең даланы ен жайлаған қазақ ән қадірін бұрыннан білген. Ал, мына заман сахнасында есті ән мен есер әннің шайқасы жүріп жатқандай. Екеуінің де тыңдарманы бар. Талғамға талас жоқ. Тыңдаушының өресінің өзгергені әншісымықтардың қолайына жағып-ақ тұр. Заманды тазы боп шалған олар қуланып алған. Өміршең әндер емес, той-томалақта секеңдеп билеуге ыңғайлысын жаздыруға бейім. Ол ән естіген жанның құлағынан кіріп, өне бойын шымырлата ма, оған бас қатырмайды. Өңдеуі мықты болса жетіп жатыр. Мәтіні жайлы айтпасақ та болады.

"Кенталдың құдағиына тоқталайық. Қарап тұрсаң, өңделуі ұрып тұр да, ол жерде ешқандай ән жоқ. Мағына жоқ, ән жоқ. Бірақ, сұранысқа ие", - деді композитор.

Композитор  хит әнді қаншаға жазатынын айтқан жоқ. Керісінше, өнерді саудаға салатындарға кейіді. Ал өзінің біраз әні шетел асып кетіпті.

"Бір әнімді осыдан 2 жыл бұрын ба еді, 3 жыл бұрын Сильве Окопян деген Арменияның бір әдемі әншісі бар, сол қолқа салды. Бұрынғы әншілер ән іздейтін еді. Қазіргі әншілер тойға ән іздейді. Кейбір әншілер келеді. Әншісымақтар тойға ән іздейді. «Тойский ән бар ма?» -  дейді. Сондай болып қалдық... деп жылап жіберейін бе?", - дейді Ұлықпан Жолдасов.

Ән хит болуы үшін оған сөз жазудың тіптен қажеті жоқ екен. Мәтін неғұрлым мағынасыз болса, әннің хит болу мүмкіндігі соғұрлым арта түседі.

"Көп хит әндердің бәрі негізі менің алдымнан өткен. Мысалы «Опмай-опмай» маған келген кезде мен айттым, мынаған сөз жазбаймын дедім. Неге дейді? Сендер мынаған сөз жазсаңдар хит болмайды. Сөз жазбасаңдар хит болады дедім. Сөз жазбады хит болды. Хит көрініп тұрады, білініп тұрады, байқалып тұрады", - деп топшылады ақын Бақдаулет Арыстан.

Ақынның айтуынша, әннің мәтініне қатып қалған баға жоқ. Ол жағын әншілердің жомарттығы шешеді екен.

"Жас әншілер келеді. Айтам әдейі, не жазып берейін, хит жазып берейін бе сөз жазып берейін бе деп. Бәрі хит жазып беріңізші дейді. Әр әнші өзінің қолының ашықтығына байланысты қаламақы ретінде беріп кетеді. 100 мың біреу 50 мың біреу 30 мың береді. Әркімнің өзінің жомарттығы", - деді ақын Бақдаулет Арыстан.  

Ия, қазіргі таңда сахнада жүрген кейбір  әншілер үшін туындының сөзі маңызды емес. Бастысы, хитке айналса болғаны. Бүгінде мән-мағынасы жоқ даңғаза музыкадан тыңдармандар шаршады. «Құлақтан кіріп бойды алар, жақсы ән мен тәтті күй. Көңілге түрлі ой салар, әнді сүйсең, менше сүй» демеп пе еді бар қазақтың ұлы ақыны. Ендеше, әнді Абайша сүйіп, Абайша түсініп, Абайша бағалай білейік.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары