My love is Aisulu! Күні кеше Қоянбаев су жаңа романтикалық комедиясының тұсауын кесті. Жыл сайын авторлық туындыларын шетелде түсіретін Нұрлан бұл жолы да әдеттен жаңылған жоқ. Азулы кинопродюсер кезекті фильмін Америка елінде таспаға тартқан, деп хабарлайды Shownews.kz.
«Бизнес по казахски» фильмінде тұрақты актерлармен жұмыс істеп үйренген Нұрлан жаңа картинаның командасын өзге әртістермен жасақтаған. Олармен түсірілім барысында түрлі қиындықтар туындағанын жоққа шығармайды. Сценариі бірнеше мәрте өзгертілген киноның қаражаты да Қоянбаевтың қалтасын біраз жұқартқан көрінеді.
«Маған фильмді түсіру барысында кейбір жерлері ұнамады. Қайта-қайта өзгерттім. Уақыт өте келе басқаша түсіремін деп шештім. Өте көп қаражат кетті. Бірақ, дәл осы кинода да мүлдем ақша аямадым. Біраз кетті енді», – деді Нұрлан Қоянбаев.
Фильм желісінде екі ғашықтың махаббат оқиғасы баяндалады. Ұнатқан қыздың назарын аудару үшін жалған сөйлеген Санжар соңында опық жейді. Бастапқыда бейтаныс өзін режисер ретінде таныстырып, тіпті, Америкада кино түсіретінін айтады. Алайда, бұл Айсұлуды қаратудың амалы еді. Көп ұзамай, жігіттің өтірігі әшкереленеді.
Ал Қоянбаевтың ғашығын сомдайтын сұлу – Әсел Сағатова. Бірнеше жыл өнерден қол үзген актриса Нұрланның тарапынан түскен ұсынысқа бірден келісімін берген.
«Маған Нұрлан киноға түсуді ұсынғанда бірден келісімімді бердім. Тіпті, кино не туралы деп сұрамадым, сценариін де білмедім. Өйткені, бұған дейін Қоянбаевтың туындыларын қарап жүрдім. Бәрі жақсы шыққан», – дейді Әсел Сағатова.
Қоянбаевтың бұл фильмі Отарғалиевтің арманын орындапты. Актер аталмыш туындыда басты рөлдегі жігіттің досын сомдайды. Санжардың өтірігі таусылып, тығырыққа тірелгенде көмекке келетін дәл осы Жахан.
«Мен бір тарихи фильмдерге түскім келетін еді. Сондай бір сәті болды. Бұл жерде бір бөлігі бар мен армандаған рөлдің. Атқа мініп, батырдың киімін киіп... Соны мен армандап жүр едім іштей. Қашан болады екен сол деп. Комедияда қалай болады екен деп едім. Соны көрсеттік енді», – деді Жахан Отарғалиев.
Ал Отарғалиевтің сүйіктісі – Мақажан. Талай фильмде бой көрсеткен актрисаға картинадағы рөлі жат болған көрінеді. Өйткені, өмірдегі Жанель мен кинодағы кейіпкері мүлдем сәйкестік таппаған.
«Өзіме кинодағы кейіпкерім, шынымды айтсам, ұнамады. Қазір қарадым фильмді, өзіне қатысты емес іске кіріскені мүлдем дұрыс болмады. Туф, менің кейіпкерім неменеге кірісе береді деген ой болды менде», – дейді Жанель Мақажан.
Иә, отандық киноиндустрия тағы бір комедиямен толықты. Қоянбаевтан сапалы дүние күтетін көрермен бұл жолы оның су жаңа картинасына қандай баға берді?
«Шынымды айтайын, біз басында афишаға қараймыз ғой. Афишаға қараған кезде кино тартпады. Ал бүгін мүлдем күтпеген нәрсе болды. Кино басынан бастап, шыны керек, жүз пайыз көңілімнен шықты», – дейді Жанболат Найзабеков.
«Шынымды айтайын, көңілімнен шықты. Өте жақсы романтикалық комедия дейді ғой, соған лайықты екен», – деді Данагүл Темірсұлтанова.