$ 481.84  531.33  5.07

«Қазір дінде болғаннан кейін, харам нәрселерден аулақпыз»: Отыншиев анаша шеккенін жасырмады (ВИДЕО)

Одан кейін үстіндегі киімін, қолындағы 5 мың долларлық сағатын қылмыс әлеміндегі жігіттер сыйлағанын айтты.

«Шудың бойында» деген жалғыз-ақ әнімен жарқ етіп, 5 жыл бойы әлі сол әнмен тойлардан ұшан-теңіз пайда тауып жүрген әнші Ахан Отыншиев Youtube арнасындағы «Уақыт көрсетеді» бағдарламасына сұхбат берді. Сол сәтте, ол өзінің анаша шеккенін де, қылмыс әлемінің жігіттерімен араласып тұратынын да жасырған жоқ, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл ретте, журналист «Аханның анаша шеккені рас па?», «Оның әні бес жылдан бері не үшін хит?», «Оған оқ жаудырған кім? Өлім аузынан қалғаны рас па?», «Ол авториттермен қандай мақсатта араласып жүр?» деген сұрақтардың жауабын алғысы келген. Әрине, әнші оның бәрі рас екенін көзбе-көз мойындап отырғанмен, аталған сұрақтардың ешқайсысына ашылып жауап бермеді.

Бұл сұхбаттан білгеніміз, Ахан Отыншиев қазір бес уақыт намаз оқитын тақуа екен. Сөйте тұра, Алматы қаласындағы тойларға 200-250 мың теңгеге шығып кете беретін ол, сырттағы бір шақыртудан 1 миллион теңге пайда табатын көрінеді. Осының бәрін жасырмай айтып отырған әнші «Анашаны алғаш рет қанша жасыңызда шегіп көрдіңіз?» деген сұраққа да көп ойланып отырмады.

«Соны ұмытып та қалыппын. Жанында тұрсаң да шеккен адаммен бірдей болып тұрасың ғой... Осы сұрақты дұрыс қойдың. Мені ел «Осы анаша шегіп жүреді. Наркоман ба, бірдеңе» деп ойлайды...», - деп ақтала бастап еді, жүргізуші: «Шыныңды айтшы, соңғы рет қашан шектің?» - деді, бәрібір Шудың жігіті жасырған шындықты білгісі келіп. Одан арғы диалог мынадай:

– 2008-де ме, бір рет көргем. Шуда жүргеннен кейін көресің ғой енді.
– Қалай болады екен?
– Сен көрсей, бір келіп (күледі). Қазір дінде болғаннан кейін, харам нәрселерден аулақпыз...

Одан кейін үстіндегі киімін, қолындағы 5 мың долларлық сағатын қылмыс әлеміндегі жігіттер сыйлағанын айтты. «Авторитеттермен араласуға қорықпайсыз ба?» деген сұраққа: «Мен кімнен қорқуым керек? Олардың бәрі адам ғой», - деп қысқаша жауап бере салды.

Ал сондай жігіттер әншіге Алматының ең көркем жерінен 4 бөлмелі пәтер де сыйлайын деп жатқанын білгісі келген журналистке: «Басқа әңгіме айтайықшы...» - деп қашқақтай бастады. Басқа әңгіме де бәрібір өзін біреулердің атып кеткені туралы болды. Пневматикалық тапаншадан көп оқ жаудырылғандықтан, ол қатты қансырап, досымен ауруханаға жетіп, әрең аман қалған екен.

Алдағы жоспары туралы сұрағанда, кино түсірмек ойлары бар екенін айтты. Әншілер мен сайқымазақтардың кейінгі ермегі сол болғандықтан, ол да бірдеңені экрандағысы келеді екен. Содан кейін түбінде ауылына кетіп, әкесінің иелігіндегі жылқы шаруашылығымен айналысатынын жеткізді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары