Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығында Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының көптомдық шығармалар жинағының келесі 15 томы дайындалуда. Бұған дейін оның 30 томы жарық көрген болатын.
Институт өкілдерінің айтуынша, көптомдықта қазақтың көрнекті жазушысы, даңқты қолбасшы туралы естеліктер, драмалық шығармалар, арнаулар, поэмалар мен балладалар топтастырылған.
Атап айтқанда, 31, 32, 33, 34, 35, 36, 37, 38 томдарда Б. Момышұлы туралы есімі елге белгілі қаламгерлер, ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің естеліктері жинақталған. Олардың қатарында Мамытбек Қалдыбаев, Дмитрий Снегин, Әзілхан Нұршайықов, Тахауи Ахтанов, Тәкен Әлімқұлов, Тұрсын Жұртбай, Мырзатай Жолдасбеков, Бахытжан Момышұлы, Мекемтас Мырзахметұлы, Мұхтар Шаханов, Қасым Қайсенов, Шерхан Мұртаза, Ғабит Мүсірепов, Зейнеп Ахметова, Әкім Тарази сынды азаматтар бар.
Ал, 39 томға Мәлік Ғабдуллинның «Бауыржан Момышулы» атты орыс тіліндегі очеркі берілген. Батыр туралы драмалық шығармалар 40, 41 томдарда. Онда Шерхан Мұртазаның «Ноқтаға басы симаған», Жәркен Бөдештің «Жұлдызтас» және өзге де жазушылардың туындылары бар. 42, 43 томдарда жалпы саны 200 арнау өлең топтастырылған. 44 томда поэмалар, 45 томда жыр, балладалар жинақталған.
«Бүгінгі күнде 15 том баспаға толықтай дайын деуге болады. Жалпы, дүниежүзінде Баукең туралы жазылған еңбектер өте көп. Солардың бәрін жинап, аудару қажет. Осыларды реттесек батыр ағамыздың 100 томдығын шығаруға мүмкіндігіміз бар» дейді «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері Әлімбай Найзабаев.