Айқын Төлепбергеннің бірінші әйелінің есімі – Әсел. 2017 жылы әнші Жұлдыз Өмірғалимен отбасын құрған болатын. Әнші отбасына қатысты сауалдарға жауап берді, деп жазады Caravan.kz.
"Әйелім Жұлдызбен көңіл қосқанымды 3 аптадай білген жоқ. Білген кезде ұрсыстық. Бірақ солай болып қалды. Елдің бәрі Жұлдыз бала көтеріп қалды, сондықтан үйленді деп айтып жатады. Олай емес. Жұлдыз екеуміз жарты жылдай бірге бөлек тұрдық. Әсел білді. Жұлдыз екеуміздің ұлымыз жоспарлы түрде дүниеге келді. Шынымды айтсам, мен ғашық болып қалдым. Басым айналып қалды. Ғашық болған адамдар түсінеді. Халық бұл жағдай туралы бір жылдан кейін білді", - деді әнші.
Сонымен қатар Айқын енді мұндай әрекет жасамайтын шығармын деп ақталды.
"Мәселе әйелде емес. Ортада бала болмаса, әйелді ауыстыру оңай екен. Ал арамызда бала болған соң, баланы қиып кету, оған басқа үйде тұратыныңды түсіндіру қиын екен", - деді Төлепберген.
Айқын бұрынғы әйелі Әселдің екінші рет тұрмысқа шығуына қарсы екенін айтқан болатын. Алайда ол ойынан айнып, бес жылдан кейін өзі ұзату тойын жасап бере алатынын жеткізді.
"Әселдің басқа адамға тұрмысқа шығуына жол бермеймін дегенім – еркектік эгоизм. Оны уақыт көрсетеді. 5 жылдан кейін өзім-ақ ұзатуын жасап беретін шығармын. Бақытты ана ғана балаларын бақытты қылады. Жақсы азамат кезіксе, неге шықпасқа?! Бірақ балалар өссін. Әсел мені таңдағанда да ұзақ шешім қабылдады", - деді ол.
Айта кетейік, Айқын Төлепбергеннің төрт баласы бар. Екеуі – алғашқы некеден. Жұлдыз Өмірғалимен бірге 2 бала өсіріп отыр.