«Қазақфильм» киностудиясында Қазақстан Кинематографистер одағы басқармасы, Киноөнер және ғылым академиясының басқарма мүшелері, «Қазақфильм» АҚ басшылығы мен жас кинематографистер арасында жиын өтті, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жиын барысында «Қазақфильм» төңірегінде қордаланған мәселелер талқыланды. Алдымен жазушы, кинорежиссер Ермек Тұрсынов қазіргі кинематографияның жай-күйін баяндады. Сонымен қатар, жиынға Нұрлан Қоянбаев, Нұртас Адамбаев, Баян Есентаева да қатысқан болатын. Өздері түсіріп жатқан фильмдерге сын көзбен қараған Ермек Тұрсыновқа олардың жауаптары да дайын екен.
Нұртас Адамбаев, актер, продюсер:
– Егер осы трибунада отырып, арымыз таза дегендеріңіз рас болса, мен сіздерге тек сәттілік тілеймін. Шындығына келгенде, еліміздегі кинематография ақырындап дамып келеді. Егер кино саласына мемлекет тарапынан қандай да бір қаражат бөлінсе, оны жемқорлықпен байланыстырамыз. Толтырылған сметалардың өзі мол қаражатқа жасалады.
Достар, біз ешқашан жемқорлықты жеңе алмаймыз. Біз оны жеңуге саналы түрде келуіміз керек. Мемлекет бөліп жатқан қаражаттың өз мақсаты бар екенін сезінуіміз керек. Оның мақсаты – сапалы кино түсіру. Кино дегеніміз әжетханаға ағызып жіберетін қағаз емес. Кино арқылы бүтін бір мемлекеттің мәдениетімен танысуға болады.
Сол үшін мемелекеттік жобаларды жеңіп алып, тек пайда көруді ойласақ, бұл – нағыз масқаралық! Сол үшін былыққа батудың бізге қаншалықты керек екенін дұрыстап ойлануымыз керек. Кино түсіріп, таза өз еңбегіңмен ақша табуға болады.
Нұрлан Қоянбаев, актер, продюсер:
– Осындай үлкен жиынға шақырып жатқандарыңызға рақмет. Маған Ермек Тұрсыновтың айқандары ұнады. Мәдениетіміз жайлы өте орынды сөз қозғадыңыз. Кез келген мемелекетте мәдениет алдыңғы орында болу керек. Дұрыс айттыңыз. Бірақ, енді ғана өсіп келе жатқан жастарды «дарынсыз» деп айтқаныңызды есту өте қиын. Журналистер арқылы солай атағаныңызды естідім. Меніңше, үлкен жасыңызбен сізге дәл солай айту жараспайды. Үлкен еңбек жасап, елге танылып жүрген тұлғасыз. Біз де дарынсыз емеспіз.
Шығармашылығымызды енді ғана шыңдап, өсіп келе жатырмыз. Көш жүре түзеледі. Мына жерде отырғандардың көпшілігі фильмдерін өз қаражатына түсіріп жатыр. 200-300 мың долларға түсірілген фильмдер сізге қалай ұнасын? Мысалы, сіздің «Шырақшы» фильміңіз қанша тұрады? Сметасы қандай? (залдан 600 миллион деп жауап берді). Міне, 600 миллион тұрады.
«Шырақшы» кинопракатқа 25 желтоқсанда шықты. Мен мынаны анық білемін, ол мемлекеттің қаражатына түсірілді. Ол – халықтың ақшасы. Ал біз мемелекеттің ақшасын алған жоқпыз. «Қазақфильмнің» ахуалын көтерейік деп жатырсыздар. Тағы бір сұрағым бар. Мына ғимараттың жылуына кім жауап береді? Бағанадан бері жаурап отырмыз. Қыста павильондарды жалға алғанбыз. Өте суық болды.
Сіздерге айтарым, өздеріңіздің ішкі «кухняларыңызды» жасап алыңыздар, бірақ, бізге тиіспеңіздер! Сіздер сөз таластырып жатқан кезде, біз жұмыс істеп отырмыз. Ермек аға, сіздің сөзіңіз бізге қатты батты. Кешірім сұрай салсаңыз да болады ғой. Жоқ, сіз өз сөзімді қайтып алмаймын деп отырсыз. Сізге тура айтайын, біз «дарынсыздар» емеспіз!
Ермек Тұрсынов, жазушы, режисер:
– Негізі мен өзімнің пікірімнен қайтпаймын. Мүмкін қызбалықпен бірдеңелерді айтып қалған шығармын. Сол үшін мені кешіріңдер! Келгендеріңе рақмет. Менің айтарым, сендер – талантты жастарсыңдар. Мен неге ауыр сөздермен айттым? Мен сендердің барлық фильмдеріңді көруге мәжбүрмін. Өйткені, жыл сайын қорытынды жасаған кезде, солай етуімізге тура келеді.
Бірақ, мен сол фильмдерді көрген кезде «Өте талантты жігіттер неге осындай фильмдер түсіреді?» деген ойға қаламын. Бұл – менің жеке ойым. Мен ескі мектеппен қалыптасқан адаммын. Мұндай фильмдерге бей-жай қарай алмаймын. Шынымен де қуанғым, жақсы туындыларды көргім келеді. Бірақ, біздің талантты ұл-қыздар менің көңілімнен шықпайтын фильмдерді түсіріп жатыр.
Осындай кезде мен шыдамай кетемін. Неге оларды ақшадан басқа ештеңе қызықтырмайды деген ойға қаламын. Нұртас, сен де өте жақсы дүниелерді айттың. Жігіттер, сендер елдің алдына шықтыңдар. Бұл сендерге КВН емес. Мақұл, комедия жанрын таңдадыңдар. Комедия – өте ауыр жанр. Өздеріңді режиссерміз деп атайсыңдар. Режиссер болу үшін өте ұзақ жолды жүріп өтулерің керек.
Намыстарыңызға тигенім үшін елдің алдында сіздерден кешірім сұраймын. Мен бұл арқылы сіздерді кемсіткім келген жоқ. Сіздер «Бірінші арнада» ел намысын қорғаған кезде тілеулеріңізді тіледік. Бірақ, сіздер қазір «квнчик» емессіздер. Енді сіздер маған әріптес болдыңыздар!
Баян Алагөзова, продюсер:
– Біз барлығымыз түйсігі бар адамдармыз. Барлығын білеміз, естиміз. Біздің мемлекеттік киноға және «Қазақфильмге», Кинематографистер одағына еш қатысымыз жоқ. Өзімізше жүрген тәуелсіз адамдармыз. Бүгін осы жерге шақырған екенсіздер, демек, қатысымыз болып тұр. Мен әріптесім Нұртас Адамбаевтың сөздеріне қосыламын. Босқа жанжалдасуды қояйық. Оның орнына жүйелі түрде жұмыс істейік.
Жыл сайын миллиардтаған ақшалар бөлініп жатады. Бірақ, ол қаражаттың қайда кетіп жатқанын ешкім білмейді. Бұл мәселені шешуіміз керек. Қазір айғайласып, дауласудың керегі жоқ. Барлығы бетімен кетіп жатыр. Оның ішінде кино саласы да бар. Біз продюсерлер өзімізге қандай техникалар керек екенін жақсы білеміз және ол қанша тұратынынан да хабардармыз. Егер керек болса, қаражаттың қайда жұмсалып жатқанын талап ете аламыз.
Ескерту: мақаланың толық нұсқасы Nege.kz сайтында.