$ 494.87  520.65  4.91

«Тиісті шешім шығарылады»: Ақорда халықтың «Қалаулым» бағдарламасына қатысты уәжін ескерді (ВИДЕО)

«Мемлекет басшысы аталған бағдарламаларға қатысты қоғамның ұстанымын біледі. Соған сәйкес тапсырма берілді», - дейді Берік Уәли.

Кәсіпкер Ахметбек Нұрсила "Қалаулым сен" бағдарламасының жабылуын талап етіп, халық қалаулыларына үндеу жариялады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Кәсіпкер, қоғам белсендісі Ахметбек Нұрсила "Қалаулым", "Қалаулым сен" бағдарламаларының жабылуын күтіп жүрген көптің тілегін жоғары жаққа бейнеролик арқылы жеткізуге тырысты. Ол facebook парақшасына:

"Бұл пост халық қалаулылары, яғни депутаттарға және Ақпарат министірі Дәурен Әскербекұлы Абаевқа арналады. Мен өзім бір істі бастағаннан соң, орта жолда тастағанды ұнатпаймын. Осыдан 1 айға жуық уақыт бұрын "Қалаулым жабылсын" деген видео түсіріп, инстаграмға салған болатынмын. Халық та өз ойларын жазып, қолдап, қалаулымның жабылуын сұраған еді. Бірақ, өкінішкн орай, оған құлақ асар халық қалаулылары жоқ болып тұр.

Маған жекеме, көмекшіме жазып жатқандар көп. "Аға, қалаулымды жабамын дегенсіз, жаба алмайтын болсаңыз, бұл мәселені көтергеннен не пайда?" деп. Олардың (халықтың) көбісінің келтіретін уәжі, 600 мыңнан астам халық көрген видеоны неге халық қалаулылары, депутаттар көрмейді дейді. Бұл сұрақ, бұл уәж маған да қызық. Неге? Неге көрсе де естімеген-өрмеген сыңай танытады?

Енді осы видеодан нәтиже шықпаса, мен де халықтың айтқанымен жүремін, митингке шығамыз. Біз кереметтей бір нәрсе сұрап отырғанымыз жоқ қой. Тек коммерциялық жоба, халыққа орасан зор зиян келтіріп жатқан, халықты улап жатқан, ата салт-дәстүрімізден, мәдениеттен айырып жатқан, тәрбиелік мәні жоқ жобаны жабуды сұрап жатырмыз.

Депутаттардың ішінде әсіресе азулы, айтары бар Бекболат Тілеухан, саған арнайы өтініш жасаймын. Сен осыны көріп жүрсің. Осы жағдайды нақты билікке жеткізіп, талап ете алатын бірден-бір азамат - өзіңсің. "Халық қаласа, хан түйесін сояды" деген ғой. Біз түйе сой деп жатқан жоқпыз. Тек осы түкке пайдасы жоқ "Қалаулым" бағдарламасы жабылсын деген заң шығарсаңыздар, жеткілікті. Сіздерге айтар уәжіміз - осы.

Осы видеоны көріп отырған қандастарым, халық қалаулыларын белгілеп, "Қалаулым жабылсын деген заң шығаруыңызды талап етеміз" деп комментарийге жазып кетсеңіздер. Осы "Қалаулымды" бәріміз бірге ел, халық болып жабайық!" деген жазба қалдырды. 

Осыған орай, президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли де өз парақшасында жоғарғы жақ халықтың талап-тілегін ескеріп, тиісті шешім қабылдайтынын мәлімдеді.

"Соңғы кездері республикалық арналардан шығып жатқан, халқымыздың менталитетіне сай келмейтін, қазақтың салт-дәстүріне, ұлттық болмысымызға қайшы, шығыстық қалпымызға сәйкес емес "Қалаулым", "Қалауым сен" атты бағдарламаларға қоғам тарапынан қарсылық көбейіп кетті. Азаматтар әлеуметтік желілерде қол жинап, бағдарламалардың жабылуын талап етіп, БАҚ беттерінде түрлі сыни мақалалар жарияланып жатыр.

Мемлекет басшысы аталған бағдарламаларға қатысты қоғамның ұстанымын біледі. Соған сәйкес тапсырма берілді. Халықтың пікірі ескеріліп, арналардың да саясатына нұқсан келтірмей, тиісті шешім шығарылады" деп жазды ол өз кезегінде.

Демек, бұл - ерте көктем қарсаңында бұқараның "бас ауруына" айналған бағдарламаға қатысты да "сең көбесі сөгілді" деген сөз. Енді билік тарапынан өздері уәде еткендей, "өгізді де өлтірмейтін, арбаны сындырмайтын" қолайлы бір шешім қабылдауын күту ғана қалды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары