Елордада әкери жиынға шақырылған 160-тан астам адам дәрігерлік тексеруден өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Президент Жарлығынан кейін еліміздегі барлық Қорғаныс істері жөніндегі департаменттер қызу іске кірісіп кетті. Жергілікті атқарушы органдар әкімдіктермен бірлесіп, барлық аймақтардың аумақтық қорғаныс бригадалары құрамында тіркелген әскери міндеттілерді дәрігерлік комиссияға шақырып, сараптау жұмысын жүргізіп жатырмыз.
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 100 әскери міндеттіні сапқа алу жоспарланып отыр. Мұнда өз еркімен келіп жатқан запастағы офицерлер мен сержанттар көп», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Қорғаныс істері департаменті баспасөз қызметінің басшысы Ғани Артықов, тілшілерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, бүгін елордада 50 адамды дәрігерлік тексеруден өткізу жоспарланған, іс жүзінде 160 адам тексеруден өткен. Әскери міндетін өтеуге келген еріктілер арасында танымал әнші, боксшы, запастағы лейтенант Ибрагим Ескендір де бар.
«Біздің батыр бабаларымыз ел басына күн туғанда ел қорғап шыққан еді. Бейбіт заманда да жырауларымыз топ бастап, елді ынтымаққа шақырып отырған. Елімізде төтенше жағдай орын алған соң, қазақтың бір баласы ретінде еліме қосқан үлесім болсын, спортта да, өнерде де қолдауын аямаған халқымызға пайда болсын деген ниетпен қызмет етуге келіп отырмын.
Өзім Еуразия Ұлттық университетінде әскери кафедраны тәмамдадым, запастағы лейтенантпын. Дезинфекциялық жұмыс бола ма, блокпостқа жібере ме, еңбектен қашпаймыз. Өнердегі, спорттағы замандас бауырларымды жұмылып қызмет етуге шақырамын», - деді Ибрагим Ескендір.
Тағы бір әскери ерікті, қол күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Тимур Сыпатаев төтенше жағдайда әлеуметтік желіде онлайн-жаттығулар ұйымдастырып жүргенін айтты.
«Президент Жарлығы шыққан соң, 18-ден асқан әрбір ер жігіт елге, ұлтқа қызмет етуі міндетті. Қазір елімізде және төрткүл дүниеде болып жатқан қиын-қыстау заманда неге халыққа қызмет етпеске? Мен өзім Нұр-Сұлтан қаласының Қорғаныс істері департаментіне келдім. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп, халыққа көмек беруге әр кезде дайынмын», - деді Т. Сыпатаев.
Қорғаныс істері департаментінің хабарлауынша, жиынға шақырылған азаматтар 3 ай мерзімге дейін қаладағы аумақтық қорғаныс бригадасы құрамында жұмыс істейді.
«Олардың барлығы – бұрын әскери дайындықтан өткен, яғни, әскери кафедра бітірген, мерзімді әскери қызмет атқарған немесе әскери-техникалық мектептерде курстан өткендер. Осы азаматтарға ҚР Әскери қызметі және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы заңына сәйкес, әскери қызметші мәртебесі беріліп, оларға қойылатын заң талаптарының барлығы жүргізіліп отырады», - деді Ғани Артықов.
Бұл азаматтар қаладағы блокпост бекеттерінде қызмет атқаруға және патрульдік қызметтерге тартылып, қаладағы дезинфекциялық жұмыстарды жүргізуге де жұмылдырылатын болады. Әскери жиынға шақырылушының жұмыс орны мен лауазымы сақталады. Жұмыс анықтамасы бойынша, жалақысы сол мөлшерде төленіп отырады. Ал жұмыссыз болса, ең төменгі жалақы (42 мың теңгеден астам) көлемінде ақы төленеді.