$ 522.49  547.88  5.06

«Әншілердің ақыл айтамын деп таяздығын көрсетіп алатынына күйінемін» - Арман Сқабылұлы (ВИДЕО)

Білесіңдер ме, сексенінші жылдары теледидар мен радиоға Бибігүлдер мен Розалардың деңгейіндегі әншілер ғана кіріп, сұхбат бере алатын. Олардың өзі елге ақыл айтудан жүрексінетін.
фото: stan.kz, alashainasy.kz
фото: stan.kz, alashainasy.kz

Өздерінше көсемсініп ақыл айтатын әншілерге тележурналист Арман Сқабылұлының өкпесі қара қазандай көрінеді. Ол "елдің тағдырын шешіп тастайтындай жұлқынып әңгіме айтатын" әншілердің әрекетіне күйініп отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Журналистің ойынша, әлгі ақыл айтқыш әншілер "көтере алмайтын шоқпарды белдеріне байлап" жүр екен. Бұл жайлы ойын ол, facebook парақшасында жазды.

"Осы сіз әншілерді неге жек көресіз? Сірә, қорлығы өткен ғой!" деп пікір қалдырыпты біреу. Мен әншілерді жек көрмеймін. Қорлықтары да өткен жоқ. Өзім сыйлайтын, аузы дуалы, ақылды әңгіме айтатын әншілер де бар. Бірақ, кейде кейбір әншілердің ақыл айтамын деп таяздығын көрсетіп алатынына күйінемін. Шамаң жетпесе әніңді айт та, ақыл айтатын жерден аулақ жүр. Жоқ, бұларға эфир берсең, елдің тағдырын шешіп тастайтындай жұлқынып әңгіме айтады. Өткенде "коронавирус деген бос әңгіме" деп сандырақтап біреуі шықты. 

Кеше біреуі "әлемде 5000 мемлекет бар" айды аспанға шығарды. Айналайындар-ау, "көтере алмайтын шоқпарды белдеріңе байлап" нелерің бар? Білесіңдер ме, сексенінші жылдары теледидар мен радиоға Бибігүлдер мен Розалардың деңгейіндегі әншілер ғана кіріп, сұхбат бере алатын. Олардың өзі елге ақыл айтудан жүрексінетін. Олар халықтың сыншы екенін жақсы түсінетін. Өздерін халықтан жоғары қоймайтын. Ал, сендер... Сөзім жоқ!", - ашынған журналистің осы пікірі желі белсенділерінің назарынан тыс қалмады.

Мәселен олар, "Аңқау халыққа, арамза молда болып жүрген "фонораграмщиктердің" қолтығына су бүркіп, марқайтып жүрген өзіміз кінәлі шығармыз!?", "Мейрамбектің бір айтқаны бар: "мен жұлдыз емеспін, орындаушы ғанамын, жұлдыз ол - Димаш" деп. Қазір телеарналарда "Қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары" толып кетті", "Шетінен білгіш қазіргілер, әмбебап. Тележүргізуші, әртіс болып кете береді, тренинг те өткізгіш, шамаға қараған дұрыс қой негізі", - деп Арман Сқабылұлының пікірін іліп әкетті.

Айтпақшы, Мәдина Сәдуақасова деген әншінің: "50 пайыз жеңілдікпен 5 мың мемлекетті аралауға мүмкіндік береді" деген жарнамасы әлеуметтік желі қолданушыларын қыран-топан күлкінің астында қалдырған еді. Сірә, осы видеоны көрген Арман Сқабылұлы ақылын пұлдағыш әртіссымақтарға арнап жазба жариялаған сыңайлы.

Тағы оқи отырыңыз: «Қолдан жасалып жатқан дүние ғой»: Нұрлан Еспанов «коронавирус жоқ» деп айды аспанға бір-ақ шығарды (ВИДЕО)

Естеріңізге сала кетейік, журналист бұдан бұрын "айтыстың аққуы атанған" Айнұр Тұрсынбаева және одан да басқа instagram-да ақылын пұлдап жүрген желі жұлдыздарын сынаған болатын. Ол жайлы «Шынымен «Айдың нұры» ма, әлде, ел тонаған ұры ма?»  деген тақырыпта ақпарат жариялаған едік.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары