Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Шиелі ауданының әкімдігі бірлесе отырып, жазба айтыс шарасын ұйымдастырды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Карантин кезінде өтіп жатқан бұл шара аймақ тұрғындарына ерекше көңіл-күй тарту етті. Онлайн форматында өткен жазба айтысқа өңіріміздің өлеңді серік еткен он ақыны қатысты. Айтысқа қатысушылар оқырманға айтыстың ұмыт бола бастаған түрлерін қайта қауыштырды.
Жазба айтысқа қатысқан бес жұп өтірік айтыс, қайым айтыс, қыз бен жігіт айтысы, түре айтыс, сүре айтыс түрлері бойынша сөз сайыстырды. Жазба айтыс күнделікті кешкі сағат 20.00-де облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығы мен Жиделі ауылдық клубының парақшасында жарияланып келеді.
«Алтын Орданың 750 жылдығына орай ұйымдастырылған«Алтын Орда мемлекеті – ұлы дала өркениеті» атты жазба айтыстың негізгі мақсаты – айтыстың ұмыт бола бастаған түрлерін қайта жаңғырту», - дейді облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының маманы Берік Саймағанбетов.
Әлеуметтік желідегі жазба айтысқа қатысушы ақындар ұйымдастырушылар тарапынан айтысушы жұп ретінде таңдалды. Ал, қазылар алқасы ақындардың үздігін желі оқырмандарының пікірін ескере отырып шығарады. Яғни, жүйрік ақынды таңдауға оқырмандар да қатыса алады. Сөз өнерін құрметтеген қырағы оқырман бұл шараға қатысты оң бағасын беруде. Бүгін жазбай айтыстың қорытынды кезеңі өтеді.