Кәсіпкер Ахметбек Нұрсила Ернар Айдарды шегірткеге теңеп, ол жұлдыз деп атауға лайық емес деген пікір айтты. Кәсіпкер бұлай айтуының себебін де түсіндіріп өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат тпорталы, altyn-orda.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы «Астарлы ақиқат» бағдарламасында айтылған. Қазақтілді бизнес тренерлердің бірі Ахметбек Нұрсила жалғыз Ернар ғана емес, жалпы, қазіргі қазақ эстрадасының жас әншілерін жұлдыз деп атауға қарсы екенін жеткізді. Бұл ретте, ол бағдарлама жүргізушісі Дина Төлепбергенге де сын айтты.
«Дина Төлепберген, сіздің де, басқалардың да осы әншілерге қатысты айтқанда, кінәңіз бар. Шегіртке әншілерді әлдеқандай етіп жұлдыз деп атайсыздар. Жұлдыз деген аспанда ғана. Қол жетпейтін, жол сілтейтін дүние.
Шоқтығы биік тұлғаларды сондай жұлдызға теңеген. Әл-Фараби, Абай, Шәкәрім, Ыбырай, басқа да елге еңбегі сіңген тұлғалар жұлдыз деуге сыяды. Ал мынадай секіріп билеп, біреудің әнін айтып жүргендер жұлдыз ба?
Мен Ернар Айдар деген баланы танымаймын да. Себебі, ондай шегірткелерді тыңдамаймын. Қазір шегірткелер көп қой. Баяғыдағы Балуан Шолақ секілді әнді өзің әнін жазып, өзің орындасаң екен. Абай Крыловтан аудармасында:
«Шырылдауық шегіртке,
Ыршып жүріп ән салған.
Көгалды қуып гөлайттап,
Қызықпен жүріп жазды алған», - дейді. Дәл осындайларға арналған. Біреудің әнін айтқан адам орындаушы, не жай ғана әнші, бірақ, жұлдыз емес. Жұлдыз болу үшін еңбегің сіңу керек. Танымалдың бәрін жұлдыз деп санау дұрыс емес», - деді кәсіпкер.
Бұл пікірге бағдарлама қонақтарының бірі келіссе, бірі қарсылық білдірді. Аяна есімді журналист кәсіпкердің пікіріне қарсы. Себебі, бұл әркімнің басына қона бермейтін бақ дейді.
«Шегіртке деп атауға қарсымын. Ол – бақ. Әркімге бұйыра бермейді. Екінің бірі Ернар Айдар емес. Халықтың, жастардың сұранысында жүрген әнші. Ернар қазір қазақтың тойының гүлі десе де болады», - деді ол.
Еске сала кетсек, бұл бағдарлама әншінің желіде лотерея ойнатып тұрып ұсталғанына орай арнайы түсірілген.