"Алдараспан" театрының жетекшісі Нұржан Төлендиев сахнада басынан өткен қызықты оқиғаларды баяндады. Бұл туралы актер Тұрсынбек Қабатовпен бірге өткізген тікелей эфир барысында айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz.
Актердің айтуынша, соңғы рет концертінде келеңсіз жайтты бастан кешті.
"Оқушының рөлін сомдайтын көрініс болды. Көбісі көрген де шығар. Нұр-Сұлтанда концертімізді өткізетін болдық. Мен оқушы болып шықтым. Отыра қалатын жері бар еді. Отыра қалып едім, ауым жыртылып кетті. Іш киімім аппақ еді. Оны көріп елдің бәрі күлді. Негізі менің рөліме емес, ауымның жыртылғанына күлді. Сахнада ешкім байқаған жоқ. Оны Нартайға сыбырлап айттым, басқасына сыбырлап айттым, ешкім түсінбеді. "Не айтып тұрсың?" деп басымнан бір ұрады. Болмаған соң сөмкемді алдыма жауып, ойнап шықтым", - деді актер.
Бұл сәтке екі әзілкеш біраз күлді.
"Тағы бір оқиға болды. Менің концерт арасында ән айтатыным бар. Концерттердің бірінде киініп жатсам, ән айтатын уақытым жақындап қалыпты. Мен киініп шыққанша, әнім басталып, фонограммамен даусым сахнада шырқалып кетті. Сосын көрермен алдына шығып "даусым қалай екен" деп әзілдедім. Не істеймін енді? Көрермен бәрін көріп, түсініп отыр. Сосын әнді қайта айтып шықтым", - деп кұлді ол.
Төлендиевтің айтуынша, ол Тұрсынбектің театрына, оның басшылығына, қоластындағы актерлердің шеберлігіне тәнті болып жүреді. Оның актерлерін нұсқап, өз қызметкерлеріне ұрсатынын жасырмады. Қызығы Тұрсынбекте те солай ететін көрінеді.
"Мен керісінше сенің театрыңа қызығамын. Әр ойыншыға, рөлге мән беремін. Өз актерлеріме сендерді нұсқап ұрсамын деп күлді", - деді Қабатов.
"Бірде Тұрсынбектің концертіне бардық. Үйге келген соң актерлерге әбден ұрыстым. Тұрсынбектің актерлері қалай сөйлейді? Қалай рольді алып шығады? Қалай дайындалады? Қалай өзін өзі ұстайды? деп айқайладым", - деді Төлендиев.