$ 448.15  483.46  4.86

Ашық хат: өнер қайраткерлері тәжік режиссерінің «қазақ театры құриды» деген сөзіне қапалы

«Өз елі Тәжікстанда қадірі кетіп, Қырғызстан мен Өзбекстанда жаман атқа ие болған режиссердің ішімізге іріткі салуы қазақ халқы мен тәжік елінің мәдени ортасына сызат түсіре ме деп алаңдаулымыз».
фото: ustinka.kz
фото: ustinka.kz

Белгілі режиссер, Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменов facebook парақшасына бір топ театр тарландары қол қойған ашық хатты жариялады. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға жолданған ол ашық хаттың жазылуына Қазақстанда жүрген тәжік режиссері Барзу Абдраззаковтың әлеуметтік желідегі сұхбаты түрткі болыпты. Намысты қайраткерлер министрге «қазақ театрының болашағы күңгірт, алдағы 5-10 жылда құриды» деген мағынада сөйлеген кезбе режиссердің ондай арандатуына жол бермеу керектігін ескерткен, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Құрметті Ақтоты Рахметоллақызы!
Өзіңізге хат жазуға түрткі болған соңғы бес жылда Қазақстанда жүрген тәжік режиссері Барзу Абдраззаковтың әлеуметтік желіде берген сұхбатының барысында айтқан ойы. Ол мырзаның айтуы бойынша, қазақ театрының болашағы күңгірт, алдағы 5-10 жылда құриды екен. Өйткені, театрдағы режиссерларының барлығы көрінгенді көшіргіш, бір-біріне еліктегіш, әртүрлі шоудан құралған, өз беті, өз қолтаңбасы жоқ, таптауырындылыққа ұрынған режиссерлар екен. Тіпті, бір адам да ол кісінің назарына ілікпепті.

Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы мен Нұр-Сұлтандағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің де құны көк тиын дегенді меңзейді. Тіпті, бізде театр мектебі болмаған және қалыптаспаған дейді.

«Футбол командалары шет елден жаттықтырушылар алдыратыны секілді, Қазақстанға дәл қазір Ресейден, болмаса, басқа мемлекеттерден режиссерлер шақыртып, олардың мектебін ашу керек» депті. Оған не дейсіз? Сонда біз Қазақстанның Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов бастаған ұлы көшті жалғаған, Р. Андресиян, М. Байсеркенов, Б. Омаров, Ж. Омаров, Қ. Жетпісбаев, Р. Сейтметов, Мен Дон Ук, Ж. Хаджиев, Ч. Зұлқашев, Б. Атабаев секілді аға буынмен бірге бүгінгі күнгі Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген режиссерлерді қайда қоямыз?

95 жылдық тарихы бар Әуезов театрынан бастап, еліміздегі 57 театрдың өмір сүруі, сонымен қатар, орыс, кәріс, ұйғыр, неміс, өзбек сынды этникалық театрлардың болуы Қазақстан Республикасындағы театрлардың барлығының айғағы емес пе?!.

Және осы театрлардың түгелдей дерлік тікелей Мемлекеттің қамқорлығында екенін қайда қоямыз? Қазақстандағы облыстық театрларды былай қойғанда, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы театрлардың шығармашылық жолына ықыласпен зер салмай, олардың репертуарларын білмей, бірді-екілі спектакльді қарай салып, бүкіл қазақ театр өнеріне үкім шығаруы Ұлттық өнерімізді сыйламағандық деп білеміз.

Қазақ театрының пайда болуы, дамуы, бүгінгі тынысы, өсуі мен шарықтауы еліміздегі көптеген театрлардың халықаралық фестивальдерде бас жүлделерді бағындыруы – соның бір дәлелі. Ресейдегі «Театральная жизнь» журналының бас редакторы, өнертану ғылымдарының докторы, сыншы О. Пивоваровтың айтуынша, «бүгінгі қазақ театры жаңашылдығымен жаңа кезеңге, асқар биіктікке көтерілген әлемдік озық театрлардың қатарынан орын алғаны хақ». Бұл – кәсіби маманның пікірі.

Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімовтің 80 жылдығына орай I Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінің тұсауы кесіліп, оған Грузия, Жапония, Литва, Латвия, Корея, Австралия, Израил, Англия, Франция, Германия, Италия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Иран, Башқұртсан, Татарстан секілді мемлекеттердің қатысуы – қазақ театр өнерінің әлем театр кеңістігіндегі өзіндік орнының айқын дәлелі.

«Көрмес, түйені де көрмес» дегендей, біздің осындай ұшан-теңіз еңбегімізге қара күйе жағуы бұл да оның рухани саяздығы. Режиссермін деп өзіне айдар таққан Барзу Абдураззаков мырзаның Қазақ халқының мәдениетін, әдебиетін, тарихын, дәстүрін білмегі былай тұрсын, біздің театр өнеріміздің болашағына үкім айтып, жол көрсеткені оның адамшылығына сын болары сөзсіз...

Құрметті Ақтоты Рахметоллақызы!
Өз елі Тәжікстанда қадірі кетіп, Қырғызстан мен Өзбекстанда жаман атқа ие болған режиссердің ішімізге іріткі салуы қазақ халқы мен тәжік елінің мәдени ортасына сызат түсіре ме деп алаңдаулымыз. Қазақ елінің бірде-бір драматургын М. Әуезов пен Ғ. Мүсіреповтен бастап, Т. Ахтанов, Қ. Мұхамеджанов, Ә. Тарази, Қ. Ысқақов, С. Жүнісов,О. Бөкей, Д. Исабеков, И. Ғайып, Р. Отарбаев, т.б. қадау-қадау таланттарымызды елемей, бірде-бір авторымызды сахналамауы – қонақ боп келген азаматтың арына сын...

Иә, театр – тірі организм. Оның да өсу, өркендеу, тоқырау, қайта өрлеу кезеңдері болуы заңды. Өйткені, бұл – өнерге тән құбылыс. Біз оны жақсы білеміз. Сол үшін де ұлы өнер үшін аянбай еңбек етіп, тер төгудеміз және театр ана тіліміздің тал бесігі екенін естен шығармақ емеспіз!

Құрметті Ақтоты Рахметоллақызы! Жоғарыда айтылған мәселелерді ескере отырып, қазақ театр өнеріне қашан да қолдау білдіргенсіз және солай болады деп сенеміз! Және де болашақта осындай кезбе режиссерлердің келуіне, ішімізде осындай іріткі тудыруына жол бермеуге ықпал етеді деп үміттенеміз! Өйткені, Қазақ театр өнері болған, бар және бола береді. Ол – өнер заңы, ол – өмір заңы» деген ашық хатқа Асанәлі Әшімовтен бастаған 39 театр, өнер қайраткері қол қойған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары