12.04.2016, 09:44

Голливудтың әйгілі кинокомпаниясы қазақ қызы туралы фильм түсірмек

Әлемге танымал голливудтық 20th Century Fox Animation кинокомпаниясы Моңғолиядағы қазақ қызы туралы толықметражды фильм түсіруге ниеттеніп отыр. 13 жастағы бүркітші қыз туралы деректі фильм бұған дейін америкалықтардың таңданысын туғызған болатын деп жазады Hollywoodreporter.com.

Естеріңізге салайық, ағымдағы жылдың қаңтар айында режиссер Отто Белл Sundance кинофестивалінде The Eagle Huntres (Бүркітші) деген деректі фильмін ұсынған еді. Картина кино мамандарының кең қолдауын тапты. Фильм бабалар дәстүрін жалғап, бүркітшілікпен айналысып жүрген 13 жастағы Айшолпан Нұрғайыпқызының өмірі жайында. Оның отбасы Моңғолиядағы қазақ диаспорасында үлкен беделге ие. Әкесі Нұрғайып елдегі танымал бүркітші. Айшолпан болса отбасындағы төрт баланың бірі, саятшылықпен шындап айналысқаны да жалғыз өзі. Өзге бауырлары бүркіт ұстағанымен Айшолпан секілді кәсіби бүркітші емес.

Айта кетейік, деректі фильмнің премьерасына қатысу үшін Айшолпан мен оны ата-анасы Моңғолиядан АҚШ-қа арнайы келді.

Бұған дейін Sony кинокомпаниясы аталған картинаны Солтүстік Америка мен Латын Америкасы елдерінде көрсетудің құқығын сатып алған болатын. Ал, 20th Century Fox Animation компаниясы болса деректі фильммен шектелмей, Айшолпан туралы толықметражды фильм түсіру керектігін айтуда. Қазір екі компания арасында келіссөздер аяқталуға жақын.

ФОТО: aisyridley