27 мамыр күні Астанадағы Ұлттық музейде «National Geographic-тің» үздік 50 суреті» атты фотокөрме ашылмақ. Шара «National Geographic Қазақстан» журналының тұсаукесер рәсімі аясында ұйымдастырылып отыр.
Көрмеде талғамы жоғары келушілерге 128 жылдық тарихы бар әлемдік беделді басылымның әлемді өзгерткен ең үздік фотолары ұсынылады. Онда Стив Маккарридың дүниені шарлаған әйгілі «Ауған қызы» суретінен бастап, Джейн Гудоллдың өзіндік қолтаңбасы бар кадрлары, Томас Аберкромбидің қайталанбас Меккенің суреті қойылып, «National Geographic» тарихындағы басқа да танымал фото-туындылар паш етіледі. Бұнымен қоса, көрмеге келушілер фото-суреттерді тамашалап қана қоймай, кадрдан тыс орын алған оқиғалар туралы да біліп, әр суреттің тарихына терең үңіле алады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндағы әрбір фото адамға терең ой салып, дүниеге философиялық көзқараспен қарауға үндейді.
Естеріңізге сала кетейік, «National Geographic Қазақстан» журналы алғаш рет елімізде биылғы жылдың ақпан айынан бастап жарыққа шығып келеді. Қазіргі күні беделді басылымның ана тіліміздегі төртінші саны әзіз оқырманның қолына тиді. Осыған байланысты шара барысында журналдың ресми тұсаукесеріне арналған брифинг өткізу жоспарланып отыр.