24.09.2020, 21:35

«Қайрат пен Аргония кінәлі»: әнші Алтынбек Тәшімбетов жаңа заңға қатысты өз ойын айтты

Фото: видеоан скриншот
Оның пікірінше елімізде мас болып сахнаға шығып жатқан әнші жоқ. Мұндай заңға Қайрат пен Аргонияның "Маскүнем" дегені әні "кінәлі" деп қалжыңдап жауап берді.

Танымал әнші Алтынбек Тәшімбетов мәдениет министрілігі ұсынған жаңа заңға өз пікірін айтты. Жаңа заң бойынша әншілер концертінде фонограммамен ән айтатынын көрерменге ескертпесе, мас күйінде сахнаға шықса, әкімшілік жазаға тартылады. Алтынбек Тәшімбетов мұндай заңның шығуына Қайрат Нұртас пен Аргонияның "Маскүнем" деген әні "кінәлі" деп қалжыңдады. Бұл туралы ол "Алматы" телеканалының "Таңғы студио" бағдарламасына берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды Stan.kz.

Сұқбат барысында Алтынбек Тәшімбетов фонограммаға байланысты заңды қолдайтынын айтты.  

"Заң дұрыс. Жанды дауыста айтуға мен де қосыламын. Бүкіл фонограмманы алып тастай алмайды, бірақ шектеулер қоя алады. Халық неге бара жатқанын білуі керек. Концерт толықтай фонограмма болады десе, билет құны арзан болады. Ал толығымен жанды дауыста өтетін болса, сәйкесінше билет қымбаттайды. Жартылай жанды, жартылай фонограмма болатын болса да халыққа ескертілуі керек. Өзбекстанға барғанымда осыны байқадым. Ол жақта фонограмма болатынын білсе де халық концертке жиналады", - дейді ол.

Оның пікірінше елімізде мас болып сахнаға шығып жатқан әнші жоқ. Мұндай заңға Қайрат пен Аргонияның "Маскүнем" дегені әні "кінәлі" деп қалжыңдап жауап берді.

"Ал мас күйінде сахнаға шығу дегенге, меніңше, Қайрат пен Аргония "кінәлі" сияқты. "Маскүнем" деген әнді айтқаннан кейін...(күліп) Негізінен сахнаға тілі күрмеліп, мас болып сөйлей алмай шығып жатқан әнші жоқ. Әншілердің мас күйінде сахнаға шығады деген ой бұрыннан қалып қойған секілді. Бұрындары "батылдық үшін" деп ішіп шығатындары болатын. Бірақ қазір көп әнші намаз оқып, иман жолына түсіп жатыр. Сахна киелі екені ұмытпайық", - дейді әнші Алтынбек Тәшімбетов.