Соңғы кезде сымбатты жігіт, вайнер Артур уақытын әнші Индира Еділбаевамен бірге өткізіп жүр. Екеуі түрлі жобалар мен түсірілімдерге бірге қатысады. Бұл жайт желі қолданушыларының назарына ілінді. Олар жастардың арасында махаббат сезімі бар деп болжады.
Бұл туралы НТК Show хабарлайды.
Үш ұл тәрбиелеп отырған журналист ханым, тележүргізуші Гүлмира Дайрабай Инстаграм желісі арқылы қалың көпшілікке таныс вайнер Артур Асқарұлының анасы екенін бірі білсе, бірі білмейді. Соңғы кезде сымбатты жігіт, вайнер Артур уақытын әнші Индира Еділбаевамен бірге вайн түсіріп жүр. Көпшілік екеуі қыз-жігіт ретінде кездесіп жүр деп болжады. Анық-қанығын Гүлмира Дайрабай айтып берді.
"Мен ұлымның кіммен жұп болып жүргенін білмеймін. Егер Индира болса, мен тек қуанар едім. Бірақ Индира бола ма, басқа бола ма, мен тек ұлымның таңдауын қолдаймын. Мен бірінші кезекте ене емес, ана боламын. Келіндерім маған келін емес, қыз болады. Мен ұлыма сенемін. Оның жеке өмірі жайлы сұрағаныммен, жақын араласпаймын", - деді анасы.
Гүлмира ханымның айтуынша, өмірге қыз баласын әкеле алмағандықтан келіндерімді қыздарым секілді көргім келеді дейді.
"Кезінде өзімізді ұзатқанда әкеміздің көзіне жас келді. Қалай басқа ортаға барады? Қалай сіңісіп кетеді? Қандай келін болады? Қалай жүреді деп уайымдады. Менің үйіме келетін келін де сондай күй кешеді. Мен соны біле отыра, оған келін деп қарамаймын. Мен ана болып қала беремін. Оның үстіне қызым болғанын өмір бойы армандадым. Бірақ үш ұлым өмірге келді. Енді үш келінім үш қызымдай болады деп ойлаймын", - деді тележүргізуші.