Жұртты алдап кеткен "Astex.kz" компаниясына қатысты мәселе қоғамда қызу талқыға түсті. 2019 жылы бұл компанияны Баян Алагөзова жарнамалаған. Содан болар, көпшілік Алагөзованы айыптауға көшті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарттық порталы.
Танымал продюсерге хабарласқан nege.kz сайты осы мәселенің мән-жайын кеңінен қаузап, Алагөзованың жеке пікірін жариялады.
– Баян, жұрт сіз жарнамалаған "Astex" компаниясына қатысты жағдайды қызу талқылап жатыр. Бұл компанияны қалай жарнамалап жүрсіз?
– Шынымен де компанияға қатысты түсініксіз жағдай болып жатыр. Бұл үш жыл бұрын, 2019 жылы болған оқиға. Мен сол кезде екі жас жігітпен таныстым. Екеуі ағайынды екен. Тәрбиесі дұрыс, мәдениетті жігіттер сияқты көрінді. Олар менен нарықта жұмыс істеп жатқан компанияларын жарнамалап беруді сұрады.
Олардың келісім шартын қарап, жұмысына разы болған клиенттерін көрдім. Қысқасы, дұрыс компания екеніне менің көзімді жеткізгендей болды. Ол кезде шынымен де солай болатын.
– Компанияның қызметіне қатысты ешқандай күдік тумады ма? Олар тендерге қатысу үшін ақша алатынын ашық айтты ғой...
– Олардың адал жұмыс істейтініне сол кезде менің еш күмәнім болған жоқ. Күмәнді нәрсені жарнамалауға бармайтын едім ғой. Енді жағдай өзгеріп кетіпті. Қазір компания «Astex» деп аталмайды екен. Ағайындылар бұдан әрі бірге жұмыс істеу мүмкіндігін таппаған. Барлық мәселе "Мудараба капитал" деп аталатын компаниямен қосылғаннан кейін басталған. Бұл компания туралы бұрын-соңды естіген жоқпын.
Сондай-ақ "Astex.kz" деген компанияны да ешқашан жарнамалаған емеспін. Менің түсінуімше, барлық мәселе ағайынды жігіттер айырылысып, олардың бірі басқа компания құрғаннан кейін туындаған. Ал бұған менің еш қатысым жоқ.
– Бұл компанияның жетекшілерімен қаншалықты жақын араластыңыз? Ағайынды Құрманғалиевтердің бұрын қылмыстық жазаға тартылғанын білдіңіз бе?
– Шынымды айтайын, олардың қылмыстық жазаға тартылғанын сізден естіп отырмын.
Мен мыңдаған адаммен танысамын, көпшілігімен кездесемін. Енді біреулерді жарнамалауым мүмкін. Инстаграм табыс көзіне айналғаны ешкімге құпия емес. Айталық ертең жас кәсіпкерге қолдау жасау үшін ол пісірген күлшеге жарнама жасауым мүмкін. Ал ертең сол күлшені жеген адам уланып қалса, бұған да мен жауап беруім керек пе? Менің қолымнан көп нәрсе өтеді. Көп адамға көмектесемін. Біреу аяқ киім сатады, енді біреу дәрі-дәрмек, БАД сатуы мүмкін, күлше, жұмыртқа, тауық саудалайды, әйтеуір, бәрі пайда тапқысы келеді. Жас кәсіпкерлерге, бизнеске әрдайым көмектесіп жүремін. Алайда мен бір мәрте жарнамалаған компанияның әлгіндей болып шыққаны жанымды ауыртты. "Astex.kz", "Мудараба капитал" деген компанияларды білмеймін, олардың басшыларын танымаймын. Танымағандықтан да, ақталып әуре болмаймын. Мен жарнамалаған кезде ол компания шынымен де жақсы жұмыс істеген. Ал одан кейін не болғаны, ағайындылардың не үшін келіспегені, неге ақша бөлісе алмағаны маған қатысты емес. Бүгін жақсы көрініп, ертең жаман адамға айналғандар үшін жауап бере алмаймын.
– Сізді полиция бөліміне шақырды ма? Тергеу органдарынан хабарласты ма? Бұл іс бойынша тергеуге түсініктеме бересіз бе?
– Құдайға шүкір, мені полицияға шақырған жоқ. Егер шақырса, заңды құрметтейтін азамат ретінде тергеуге барып, түсініктеме беремін. Қолымнан келгенше көмектесем. Өйткені адамдар шынымен де зардап шекті. Дегенмен де адам әлдебір күдікті компанияға ақша салар алдында ойлануы керек. Зерттеу жасап, компанияның немен айналысатынын бақылау қажет.
Мен жарнама жасаған компания мен алаяқтық жасаған компанияны шатыстырып, жұрт мені нысана етіп қойды. Журналистер жағдайды дұрыс түсінбей, мен түскен жарнаманы қайта-қайта көрсетіп жатыр.
Қайталап айтамын, мен жарнама жасаған компания ол кезде адал жұмыс істеген. Оған өзім әбден көз жеткіздім. Барлық наразылық "Astex.kz" және "Мудараба капитал" деген компанияларға қатысты. Ал бұлармен менің ешқандай байланысым болған жоқ.
– Заңсыздықтар анықталған соң компанияның жетекшілерімен хабарластыңыз ба?
– Ағайындылардың бірімен сөйлестім. Оның аты – Шыңғыс. Мен оған наразы екенімді, мені жаманатты еткендерін айттым. Не себепті бұлай болғанын сұрадым. Ол: "Баян, бұған сіздің еш қатысыңыз жоқ. Бауырым екеуміз тіл табыса алмадық. Бауырым басқа компания құрып, біреулермен біріккен соң осындай мәселе туындады", – деп жауап берді. Жұртқа айтарым, сақ болу керек. Ақша оңай табылмайды. Иненің жасуындай күдігіңіз болса, ондай компаниядан аулақ жүру қажет. Құрметті қазақстандықтар, мен бүгін жарнамалаған нәрсеге ертең жауап бере алмаймын. Айталық, бір көлікті жарнамаласам, ертең сіз оны сатып алғанда тежегіші істен шықса, оған мен кінәлі емеспін.