12.08.2021, 15:00

«Карантинді бұзды»: Әнші Бүркітке айыппұл салынды

Фото: instagram.com/berkut_aibekjan
Олар Black Star Burger-дің ашылуын тойлаған.

Алматы қаласының Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Royal Tulip Almaty қонақүйіндегі жиынға байланысты істе жаңа деректер анықталғанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Медеу ауданының Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мәліметінше, қазақстандық әнші Бүркітке (Айбек Жансейітов - ескерт.) ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша 30 АЕК-ке (87 мың теңге) айыппұл салған.

"Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері іс-шараның қалған қатысушыларына мониторингтік топ шеңберінде тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр, оларға да әкімшілік шаралар қабылданылады", - деді департамент басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов.

Айта кетейік, 8 тамызда карантинді бұзып Royal Tulip Almaty қонақүйінде жұлдыздар қатысқан шара өткен. Олар Black Star Burger-дің ашылуын тойлаған.

Бұған дейін іс-шараны ұйымдастырушы, қонақүй менеджері, әнші Луина және оның жұбайына айыппұл салынғаны хабарланған болатын.