Бүгін Ақтау қаласында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында жалпы білім беру ұйымдарының оқушылары арасында Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын кеңінен насихаттау мақсатында облыстық «Әбіш оқулары» байқауы өтті. Бұл туралы облыс Маңғыстау облыстық әкімдігі аппаратының баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Сайысқа облыстың аудан-қалаларынан келген 80 оқушы қатысты.
- Бұл байқаудың мақсаты – Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығының көркемдік ерекшелігін, бай сөз қорын насихаттау арқылы оқушылардың ой-танымын кеңейту, рухани танымдарын ашып, олардың бойында өзіндік көзқарастарын қалыптастыру болып табылады. Шара одан әрі республикалық, аймақтық деңгейде жалғасын табатын болады, - деп атап өтті Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Зейнеп Жұмағалиқызы.
Байқауға қатысқан оқушылар әуелі Ә.Кекілбаев шығармаларынан иллюстрациялық суреттер салу сайысы бойынша бағаланды. Одан соң Әбіш Кекілбаевтың шығармаларынан мәнерлеп оқудан жарысқа түсті. Байқаудың келесі кезеңдері бойынша оқушылар Әбіш ағаның шығармаларынан зерделеу жобаларын жазып, сахналық қойылымдар қойды.
Әр байқау түрінен І орын алған жеңімпаз оқушылар ағымдағы жылдың желтоқсан айында өтетін аймақтық «Әбіш оқулары» байқауына жолдама алды.
Әбіш Кекілбаев 1939 жылы Маңғыстау облысының Оңды ауылында дүниеге келіп, 2015 жылы Астанада 76 жасқа қараған шағында дүние салды. Ол – Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақстан Республикасының алғашқы Мемлекеттік хатшысы (1996-2002), Парламент Сенатының депутаты (2002-2015).
Әбіш Кекілбайұлының алғашқы өлеңдер жинағы: «Алтын шуақ» 1962 жылы, «Бір шөкім бұлт» 1965 жылы жарық көрді.
Ауыл өмірінен жазылған повесть, әңгімелер жинағы «Дала балладалары» – Әбіш Кекілбайұлының кең тынысты эпик, суреткерлік болашағын танытады. 1974 жылы «Дәуірмен бетпе-бет» сын мақалалар жинағы, «Бір уыс топырақ», 1979 жылы «Тырау тырау тырналар», Маңғыстау түбегінің өткені, бүгіні, болашағы туралы «Ұйқыдағы арудың оянуы» тарихи танымдық баян, 1982 жылы «Шыңырау» повестер жинағы, 1992-93 жылдары Таңдамалы екі томдық, 1995 жылы «Заманмен сұхбат» 1998 жылы «Азаттықтың ақ таңы», публицистикалық мақалалары, толғамдары, 1999 жылы 12 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты.
Әбіш Кекілбайұлының «Үркер» (1981), «Елең-алаң» (1984) романдары қазақ әдебиетінің үлкен табысы ретінде бағаланып, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды.
2001 жылы шыққан «Талайғы Тараз», 2002 жылы шыққан «Шандоз» тарихи тақырыпты ғылыми дәйекпен, дерекпен түсінікті ұғымды етіп жеткізудің жаңа бағыт-бағдарын белгілеп берді. 2009 жылы «Сыр десте» деп аталатын автордың көп жылдық ой-толғаулары, эссе, естелік, сөйлеген сөздерінің 5 томдық жинағы жарыққа шықты.