Бүгін Оңтүстік Қазақстанда Шәмші Қалдаяқов атындағы «Арыс жағасында» VII ретро-фестивалінде VII Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» Халықаралық ән байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанатты шарасы өтті. Облыс әкімі Ж.Түймебаев қатысқан шарада өңір басшысы жеңімпаздарды марапаттап, оларға сый-сияпат жасады.
Сонымен, VII Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» Халықаралық ән байқауының жеңімпаздарын атасақ, өнер жарысының бас жүлдесін қызылордалық Назым Сағынтай жеңіп алды.
І орынға Оңтүстік Қазақстан облысының намысын қорғаған Диана Хашимжанова ие болса, ІІ орын алматылық Тілекбай Нағымбаев пен астаналық Еркебұлан Тұрмағамбетовке бұйырды. Ал жүлделі ІІІ орынға астаналық Жалғас Сұлтанов пен Марат Айтымбай және Лаура Айтбаевалар (Қарағанды) лайықты деп танылды.
Сондай-ақ, салтанатты шарада Облыс әкімінің арнайы жүлдесімен Қытай Халық Республикасынан келген Асылхан Дәстүр марапатталса, арнайы диплом қырғызстандық Биназира Аблаеваға табысталды.
Айта кетейік, Шәмші Қалдаяқов атындағы «Арыс жағасында» VII ретро-фестивалі биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды.
«Ұлы өнердің ұлы құдіретіне айналған, ұлтымыздың біртуар перзенті Шәмші ағамыздың сарқылмас шалқар дүниесі тағы да бізді бүгін өз құшағына алды. Туған елге, жерге, Отанға, ата-анаға, жалпы халыққа деген сүйіспеншілік Шәмші шығармаларының басты арқауы болды. Әсіресе, өздеріңіз секілді Шәмшінің ізбасарлары күн өткен сайын шоғырлана, шоқтана түсіп, қатары қалындап келеді. Сіздер барда, өнерді сүйетін халық барда Шәмші әндері мен басқа да композиторларымыздың туындылары көк жұлдыздай жарқырай түспек», - деді Ж.Түймебаев фестивальдің марапаттау рәсімі кезінде.