Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Шымкенттегі «Түркістан сарайы» салтанат сарайының жанынан айтыскер ақындар орталығы ашылды. Орталықтың жұмысын бастауына орай, республикаға танымал оңтүстіктің бетке ұстар ақындары Біржан Байтуов, Бекмұрат Анарбай, Нұрлан Есенқұлов, Қажымұхан Абзалов және өзге де өнер иелері дөңгелек үстел басында бас қосты.
Ақындық өнердің ұмыт бола бастаған түрлерін жандандырып, жас ақындарды анықтау, олардың өлеңдерін насихаттау және шығармашылығына қолдау көрсету мақсатында ашылған орталықтың алдағы міндеттері жайлы сөз бастаған «Түркістан» сарайының директоры К.Айдарбекова жас ақындардың сөз саптауын, әдебиетіміз бен тарихымызды терең зерттеп, ел алдында ашық ойын айта білетін деңгейге жеткізу қажеттігін түсіндірді.
Ақындар - Қажымұхан Абзалов пен Біржан Байтуов аптаның әр сейсенбі күні осы орталықта кездесіп, жұмыс атқаратындарын мәлімдеді. Сондай-ақ, «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына» орай «Түркістан» сарайында ақындар айтысын ұйымдастыруды және сол айтысқа ақындар орталығында дайындық жұмыстарының жүргізетінін айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысында Мәдениет басқармасы жанынан Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ашылған болатын. Құрылысына қазынадан 400 миллион теңге жұмсалған нысанда бүгінде бірнеше көрме залы бар. Мекеме қазақтың салт-жоралғысынан бөлек облысымыздағы 20 мәдени-ұлттық орталықтың ғұрпынан сыр шертер жәдігерлермен де жасақталуда. Яғни, өзге ұлт пен ұлыс өкілдерінің киім-кешектерінен бастап, тұтынатын тағамдарына дейін егжей-тегжейлі жазылған еңбектерді де табасыз.