$ 444.22  476.38  4.82

«Қазақ Елі» анимациялық фильмі Испанияда өтетін кинофестивальде көрсетіледі

«Қазақ елі» атты қазақ мультипликациясы тарихындағы тұңғыш тарихи толықметражды анимациялық фильмі қарашаның 4-і мен 13-і аралығында Барселонада (Испания) өтетін Азия фильмдері кинофестивалінің (Asian Film Festival) негізгі байқауына іріктеліп алынды деп жазады «Хабар 24».

Анимациялық кинотуындының халықаралық кинофестивальдерде көрсетіліп, кеңінен насихатталу жұмыстарын Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жүзеге асырады.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша «САҚ-дала» ЖШС түсірген «Қазақ елі» анимациялық фильмі болашақ хандар – Жәнібек пен Керейдің балалық шағы мен есею жылдары туралы баяндайды. Мультфильмде шетсіз-шексіз қазақ даласы, заңғар таулар және Ұлы Жібек жолындағы Сығанақ, Отырар, Тараз және Түркістан секілді ежелгі қалалар бейнеленген.

Аталған фестивальде 20 Азия елдерінің 80-ге жуық фильмдері көрсетіледі. Отандық туындыдан басқа фестивальге Қытай, Корей, Иран, Филиппин, Сингапур, Ауғаныстан, Жаңа Зеландия, Таиланд, Малайзия және Вьетнам елдерінің фильмдері қатысады. Айта кететін жайт, фестиваль шеңберінде Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарған Сатыбалды Нарымбетовтың «Аманат» және Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» тарихи туындылары, сонымен қатар Асқар Ұзабаевтың «Жол» драмасы мен Мұрат Маханның дебюттік «Сот орындаушысы» фильмі көрсетіледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары