«5:32» сериалында басты рөлді сомдаған актрисаның танымалдылығы күннен күнге артып келеді. Экспресс К тілшісі осы сериалдағы Зәурені сомдаған Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық қазақ академиялық драма театрының әртісі Жәудір Сарыпбекованы әңгімеге тартқан еді.
Salem social media ұсынған «5:32» атты жаңа веб-сериал 11 қараша күні көрермен назарына жол тартты. Видеохикая кісі өлтіруші маньяктар жайлы. Сериалдың режиссері әрі сценариін жазған Әлішер Өтев.
Сериал 12 бөлімнен тұрады. Алайда екінші бөлімі өте қорқынышты. Актриса Жәудір адам жегіштің рөлін сомдамас бұрын күйеуінен рұқсат сұрағанын айтады.
"Жаңа форматта жұмыс істеп жүрген режиссер кастинг жасап жатыр дегенді естідім. Бірақ, мен бара алмадым. Ол кезде бір ауылда басқа түсірілімде едім. Кастинге мен жұмыс істеп жүрген драма театрдың бүкіл әртісі қатысты. Маған кейін кастинг директоры өзі хабарласты. "Зәуренің образын ойнап, видеосынама түсіріп жібересіз бе?" деп сұрады. Кішкене үзіндісін түсіріп жібердім. Сосын олар тағы да "Былай түсіп көресіз бе" деп сұрады. Олар он күндей мені онлайн кастингтен өткізді. "Сіз өттіңіз, құттықтаймыз!" деген кезде күйеуімнен "Адам жегіш әйелдің образы екен. Түсе берейін бе?" деп рұқсат сұрадым", — дейді Жәудір Сарыпбекова.
Қазір Жәудір 34 жаста. Отбасылы, үш баласы бар. Үлкен қызы 10 жаста, ұлдары 7 және 4-те. Бұл рөлді балалары қалай қабылдағанын сұрадық.
Мен бұл сериалды көруге рұқсат бермедім. Бірақ олар TikTok, Instagram-дағы парақшаларда жарияланған сериалдың үзінділерін көрді. Жақында күйеуім мен балаларымнан кешкі асқа не пісірейін деп сұрадым. Олар "бәліш" пісіріп берсеңіз деп өтінді, - дейді актриса.
Жәудір бармағынан бал тамған аспаз екен. Қазақ болғаннан кейін піскен етті жақсы көреді.
Түрлі тағам дайындағанды ұнатамын. Әсіресе піскен етті сүйіп жеймін. Бірақ үйде бәліш пісірген емеспін. Сериалда "бәлішке" тойдым, - дейді Жәудір.
Адам сойған эпизодтары кезінде актрисаның жүрегі айнып, жиіркенген.
Түсірілім кезінде үйдің іші қан сасып кетті, кішкене жиіркендім. Мал сойылып тасталған. Еттер, қан. Бірақ, ол шын қан емес. Жасанды болса да, қолыңа жағылған кезде шын сияқты денең тітіркеніп кетеді екен, - дейді актриса.