Белгілі әнші Сәкен Майғазиев Тәуелсіздік мерекесін 25 қазанда атап өтуді ұсынды, деп хабарлайды kznews.kz сайты nege.kz порталына сілтеме жасап.
«Тәуелсіздік күнін тойлау да, тойламау да дауға толы. Тәуелсіздік монументіне тәу етуге келгендерге күдікпен, қорқынышпен қарайтындай күйдеміз. Алланың қалауымен, бабаларымыздың батырлығымен, аналарымыздың дұға-тілегімен, егемен елміз. Елбасымыздың елеулі еңбегімен шекарамыз шегенделген. Тәуелсіздік – Тәңірдің тәтті тартуы. Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмақ емес.
Жыл сайын жанымызды шүберекке түйіп, не қуанарымызды, не қайғырарымызды білмей, өз-өзімізді жұбатып жүргендейміз. Қазақстан Республикасы – тәуелсіз ел! Оның бастамасы 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған егемендігіміз туралы декларация еді. Тәуелсіздік мерекесін 25 қазанда республика көлемінде кеңінен атап өтіп, күз жемісін молынан беріп жатқан шақта барша ҚАЗАҚ неге шын шаттанбасқа?
16 желтоқсан желтоқсаншыларымызды еске алу күні қылып қалдырсақ қалай болады екен, деген ой бірнеше жылдан бері мазалап жүр. Қақаған қыста Орталық, Солтүстік, Шығыс, Батыс Қазақстанда далада той тойламақ тұрмақ, бір аялдамадан екінші аялдамаға жаяу жету мұң. Сіз қалай ойлайсыз? Алла тағала Қазақ елін түрлі табиғи апаттардан, сұрапыл соғыстан, діни қақтығыстардан қорғап, егемен еліміз дүние тұрғанша тұрсын! Әумин!», – деді әнші.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.