Оңтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театрында аймақтық Қазақ романсиадасы романс орындаушыларының дәстүрлi байқауы өттi. Ән фестивалiн облыстық мәдениет басқармасы, облыстық «Южный Казахстан» газетi редакциясы және облыстық славян ұлттық мәдени орталығы ұйымдастырып отыр. Мәдени шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған.
Биыл он тоғызыншы рет өткiзiлiп отырған романсиада бүгiнде Орта Азия мемлекеттерi мен алыс-жақын шетелдерден, елiмiздiң барлық облыстарынан қатысатын үмiткерлердiң тәжiрибесiн шыңдап, үлкен сахнаға жолдама беретiн белгiлi жобаға айналды. Қазақ романсы мен вокалды музыкасын насихаттауға арналған шараға Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерiнен және елiмiздiң барлық өңiрiнен 40 үмiткер қатысты. Бекзат өнер байқауына Ресей Федерациясының еңбек сiңiрген әртiсi Галина Преображенская, танымал әншi Нұржамал Үсенбаева, халықаралық байқаулардың жеңiмпазы, жерлесiмiз Гүлжан Рысқалиева секiлдi танымал өнерпаздар қазылық еттi.
Екi күнге созылған фестиваль шын таланттарды жарқыратып көрсете бiлдi. Қазақ романсын орындаушылар арасында бiрiншi орынды Айбек Қанатбек, екiншi орынды Нұрсұлтан Шатырханұлы, ал, үшiншi орынды Адис Ардинатов иелендi. Сондай-ақ, орыс романсын шырқау шегiне жеткiзiп орындаған Бекзод Давронов бас жүлденi жеңiп алды. Аталмыш номинация бойынша бiрiншi орын Ұлан Асамудинов пен Азат Тұранелге берiлдi. Екiншi орынды Айдос Иманжаппаров пен Әйгерiм Аманжолова, Қожаназар Жұмаев алса, үшiншi орын Алымбай Кәрiмбаев, Сырғақ Асанақынов, Ақбота Серiкболоваға бұйырды. Шымкент қаласындағы №1 саз-эстетика мектебiнiң оқушысы Аманжол Жолымбеков Балалар романсиадасының жеңiмпазы болып табылды. Байқауға қатысушылар бұл күндерi бекзат өнердi тағы бiр бел асырып тастады десек қателеспеймiз.