$ 448.15  483.46  4.86

Тақырыпқа тарықпайтын қаламгер

Ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығы мерекесi қарсаңында асқаралы 60 жасқа толған Қайырғали Медеттi оңтүстiк жұртшылығы қаламы қарымды журналист, тағлымды хикаят жазатын көсемсөзшi, сырлы әңгiмелерi бар жазушы, тасқынды жырлар төге алатын ақын ретiнде таниды. Өткен аптада А.С.Пушкин атындағы орталық кiтапханада қаламгер оқырмандарымен жүздестi.

Өңiрiмiзге танымал ақын-жазушылар, белгiлi журналистер, кiтапхана қызметкерлерi, студенттер, БАҚ өкiлдерi қатысқан кездесуде жазушының өмiрдерегi мен шығармашылығы жайында бейнеролик көрсетiлiп, кiтап көрмесi ұйымдастырылды. Нармахан Бегалиев әлi де «қыз айттыратын» жастағы жазушының ерекше қырларын да сөз ете келе: «Ол фотоөнердi меңгерген. Журналист, ақын һәм жазушы. Iшкi мәдениетi өте жоғары. Атақ қумайды, таққа таласпайды. Өз оқырмандарын тапқан сүйiктi жазушы» деп түйiндедi. Шойбек Орынбай Қ.Медеттiң шығармашылығымен сонау өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан таныс екенiн сөз еттi. Парламент сайлауы туралы жазылған алғашқы әңгiмесiмен-ақ елдi елең еткiзген Қайырғали оқырмандарды ғана емес, жазушы, сыншыларды да мойындатып үлгердi. Кейiпкерлерiн алыстан iздемейдi. Олар ауылда, өз арамызда жүр. Әрқайсысының iшкi жан дүниесiн, характерiн аша бiледi, ерiксiз иландырады. Шығармалары сонысымен құнды.

Қайырғали аз жазады. Аз жазса да саз жазады. Оның «Алғашқы қадам», «Беймаза мезгiл», «Киең қайда, Қазығұрт, рух берер...» атты кiтаптары оқырмандар тарапынан жақсы баға алды. Мұнан кейiн белгiлi қаламгерлер Момбек Әбдiәкiм, Сәрсенбек Сахабат, Мұхтар Шерiм, Сабыр Нұрманұлы, театрдың режиссерi Сая Қасымбек және басқалар шығып сөйледi. Кездесуде кiтапханашылардың орындауында Қ.Медеттiң өлеңдерi оқылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары