Алматыда күн сайын түрлі мәдени шаралар өтіп жатады. Алайда кеше кешкісін Студенттер сарайын дүбірлеткен «Көш және көшбасшы» өнер думанының орны бөлек болды. Ол «Қамшы» ақпараттық агенттігі мен «Қазақстан» ұлттық телеарнасы ұйымдастырған шара еді.
Осынау салтанатты шараға Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қатысып, құттықтау сөзін айтты:
– Ардақты ағайын, қадірменді бауырлар! Тәуелсіздік жылдарындағы оқиғалардың бірі мен бірегейі шет жұртта жүрген қандастарымыздың атажұртқа оралуы екені белгілі. Осынау тарихи оқиғаның бастау алғанына бүгін тура 25 жыл толды. 1991 жылы 18 қарашада Мемлекет басшысының бастамасымен шетелдегі қазақтардың елге оралуын қамтамасыз ететін қаулы қабылданды. «Құдайға шүкір, өз билігіміз өз қолымызға тиді. Атамекенге келемін деген ағайынды ата-баба аруағы алдан жарылқасын!» деген Мемлекет басшысының сөзі Ұлы көшке қозғау салды. Тағдырдың жазуымен әлемге тарыдай шашыраған бауырларымыз осы кезден бастап атажұртқа бет түзеді. Содан бері 25 жылда қарашаңыраққа оралған қандастар саны 1 миллионға жетті», – деді министр.
Ұлы көштің шежіресіне аз-кем тоқталған министр, 2015 жылы елге 5 мыңға жуық қандасымыз көшіп келсе, тек үстіміздегі жылдың 9 айында 24 мың адам оралғанын атап өтті.
– Алдағы уақытта да көшіп келетін ағайындардың саны арта беретін болады. Осының барлығы санаулы күннен кейін 25 жылдығын атап өтетін Тәуелсіздігіміздің жеңісі. Мемлекет басшысы айтқандай, бұл қадам жаңылмайды, шекара жабылмайды. Ұлы көш жалғаса береді, – деді Дәурен Абаев.
Ұлт бірлігі мен «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруды мұрат тұтқан мәдени шарада көңіл көтеруден гөрі, тағдырға тәубе айту, тәуелсіздік бедеріндегі бұралаң кезең, атажұртқа ат басын тіреген ағайынның толқынысты естеліктері басым түсіп жатты.
Әрбір әннен кейін экрандағы әсерлі көріністер «Қазақ көшінің» шежіресін көз алдымызға әкелді. Сюжеттерден Ұлы көштің басында тұрған Мұстафа Өзтүрік, Халифа Алтай сияқты тұлғалар бастаған бауырлардың туған жердің топырағын құша жығылуын көргенде әсерленбеу мүмкін емес-ті.
Қазақ пен қазақты бауырластыра түскен осынау бастамаға мұрындық болып жүрген «Қамшы» ақпараттық агенттігінің жетекшісі Біләл Қуаныш: «Бұл шараны біз не үшін өткіздік? Біз – атамекеніміз Қазақстанға келдік. Өстік! Өндік! Осыны паш еткіміз келді. Еңбегіміз ақталды деп ойлаймын. Халық дән риза. Бұл шараны – «Қазақ көшінің» 25 жылына тарихи баға беру және қарашаңыраққа уық болып қадалған миллионнан астам қазақтың Ел мен Елбасына алғыс айтуы деп қабылдаған жөн. Алғысты тек жалаң сөзбен ғана емес, елге келіп өсіп-өнген, жетістікке жеткен ағайынның жарқын бет-бейнесімен көрсеткіміз келді. Концерт аяқталғаннан кейін де көзіне жас алып жүрген адамдарды көріп, бұл бастаманы бекер қолға алмағанымызды сезіндік. Концерттің ең бір әсерлі тұсы Қуаныш Алтыбаевтың Ақтамберді жыраудың мақамына салып орындаған «Тәуелсіздік толғауымен» аяқталуы болды. Тыңдарман жанын тебірентті», – деді.
Ақиқатында талай ағайынның жанын тебірентіп, сағыныштарын тербеген бұл концертте елімізге қандастарымыз ғана емес, рухани байлығымыз, өнеріміз, тіпті әндеріміздің, кейінгілер естімеген жырлардың да оралғанын көрдік. Ойға ой, ақылға ақыл қосылғанын сездік. Алыстан келген ағайынның да, осындағы қандастардың да санасындағы бір тілек – елдің амандығы болса, сол ән мен күй тілімен әуелеп жатты.
Сахнада салтанат құрған Майра Мұхаммед, Рамазан Стамғазиев, «Қоңыр» тобы, «Алашұлы», Шаба Әденқұл сынды өнер саңлақтары мен эстрадалық топтар көпшіліктің көңілін бір көншітіп тастады. Сол сияқты Мұратбек Сарбасов, Ибрагим Ескендір, күйші Еркін Ерген, Бибігүл Қилымхан, Өзгеріс Шерікбай, Айнұр Қажимолла, Қуаныш Алтыбаевтардың өнері де бәрімізді риза қылды.
Осынау өнер – қазақ мәдениеті қоржынының байыта түссе, онда «Көші-қон» саясаты айрықша рөл атқарғанын баршамыз мойындаймыз. Бұл аз десек, шетелде өмір сүріп жатқан қазақтар Қазақстанмен көршілес шекарада тұрып жатқандықтан олардың арасындағы ақын-жазушылар, ғалымдар атамекенге құр қол келмеді. Бұл Қазақстан үшін үлкен рухани демеу екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Тіпті бағалы жәдігерлер, қымбат мұрағаттар, құнды бұйымдар да елге бет бұрған қазақтың қоржынымен атажұртқа келіп жатыр. Экономикалық өсімге қосқан үлестері өз алдына. Сондықтан да тақырыптық концертке жиналған жұртшылық мұны қатардағы көп шараның бірі деп санамады. Бұл – концерттің аясы жоғары, ойын-сауық деңгейінен биік, яғни Тәуелсіздік жылдарында атажұртқа қоныс аударған қандастарымыздың кеудесіндегі қуанышы еді.