“Меломен” тобының бұрынғы мүшесі, әнші Жігер Ауыпбаев өткені мен шығармашылығы жайлы сөз етті. Бала күнгі арманына қалайда жетем деп талпынған бозбала бүгінде елге танылған әнші. Бұл жолда қандай қиындықтар мен кедергілерді өткерді? Әншінің өзі баяндап берді.
Жігер Ауыпбаев бала күнінен әнші болуды армандаған. Әнші ата-анасының қарсылығына қарамай, арман қуып Алматыға келді. Әр жылы оқуға тапсырып, түсе алмаған соң ақылы бөлімге түседі. Кейіннен грантқа ауысады.
“Лаки Кесоглу менің ұстазым болды. Егер жақсы оқысаң, екінші семестрде грантқа ауысасың деді. Сол уәдемен мен сабақты жақсы оқыдым. Мені грантқа ауыстырды. Солай өзім армандаған Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжіне оқуға түстім”, – деді Жігер Ауыпбаев.
Жігердің бала күнгі арманы ескі үйден көшіп, ата-анасына жаңа үй алып беру еді. Сол мақсатты мейрамхана, кафелерде жұмыс істеп, ақша табуды көздейді.
“Жаяу жүріп, Райымбек көшесінің бойындағы барлық каелерге кіріп жұмыс сұраймын. Сөйтіп жүріп, үйдің қасындағы шағын кафеге музыкант болдым. Ол жерде күніне 2000 теңге аламын. 200 теңгесін ғана жұмсаймын да, қалғанын жинаймын. Сөйтіп жүріп қаланың ортасындағы басқа мейрамханаға ауыстым. Ол жерде 7000 мың теңге алатын болдым. Бірақ орысшаға қиналдым. Орысша тілек айта алмай, жаттай алмай, қысылатынмын. Бірақ ақша керек, күнкөріс керек. Ән айтуға қиналмаймын. Орысша тапсырыстар болса, соған қиналатынмын. Кейін үйрене бастадым. Әйтеуір сонда жұмыс істеп жүріп 7000 доллар жинадым”, – деді әнші.
Әнші бала күнгі арманын орындау үшін туған ауылына барып, ата-анасына айтпай жаңа жақсы үй сатып алады. Ата-анасын көшіріп, бір міндетін орындағандай болады.
Жігер Ауыпбаев отандық бағдарламада өзі жұп болған әріптесі Мереке Қалбаевамен дуэт айтуды жоспарлап жүр. Ал шығармашылық концерт беруге әлі асық емес. Оған уақыт пен тәжірибе керек деген сенімде.
“Мерекемен ән айтуды ойлағанбыз. Оны алдағы уақытта көрерміз. Өзім концертімді Шымкеттен бастап отырмын. Ал жеке концерт беруге әлі де дайындық керек. Әлі де тәжірибе керек. Оған әлі шыңдалу керек деп ойлаймын”, – деді әнші.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.