$ 498.51  522.84  4.81

«Бала дауысы» байқауында өнер көрсеткен ақтаулық қыздар жанкүйерлеріне алғыс айтты

Ақтау қалалық әкімдігінде «Бала дауысы» балалар байқауына қатысып, Маңғыстау облысының намысын қорғаған әншілермен кездесу рәсімі өтті. Республикалық байқауда екінші орын алған «Каспий толқыны» тобының құрамындағы Нұрай Айварқызы, Карина Шайғұзова және Луиза Нұрқуатова жанкүйерлеріне алғысын айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Айта кетейік, іріктеу кезеңінен өтіп, ақтық сынға жолдама алған қыздар бір ай бойы Алматыдағы «жұлдыздар үйінде» өмір сүрді. Мұнда олар байқаудың соңғы кезеңіне еш кедергісіз дайындалып, шеберліктерін шыңдаған болатын.

- Бұл біз үшін өте қиын және ауыр өткен ай болды. Қыздар ата-аналарынсыз өмір сүрді. Көп жұмыс істеді, дайындалды, арнайы осы топ үшін қазақстандық композиторлар жазған жаңа әндерді жаттады. Керемет әндердің бірін қыздарымызға танымал сазгер Ренат Гайсин жазып берді. Топ жетекшісі ретінде мені қатты қуантқаны – қыздардың аталған әнді айтқаны Ренат Гайсиннің көңілінен шыққаны, - дейді «Радуга» балалар шығармашылығы студиясының жетекшісі Ольга Хныкина.

Топ қыздарының өздері болса есте қалған ең әсерлі сәттің бірі деп «Бала дауысы» жобасының жетекшісі Әлия Назарбаеваның мақтау айтқан сәтін айтып отыр.

- Әлия Назарбаева біздің жанымыздан өтіп бара жатқан сәтте біздің ең үздік екенімізді айтты. Қатты қуандық, - дейді кішкентай әнші қыздар.

Олар сондай-ақ, өздеріне жанкүйер болған барлық маңғыстаулықтарға алғысын да айтып отыр. Жерлестердің қолдауының арқасында осындай биікке көтеріліп, екінші орын алдық дейді олар.

- Мен біздің қыздарымызға қолдау көрсеткен облысымыздың барлық тұрғындарына алғысымды айтқым келеді. SMS дауыс берудің нәтижесінде біздің қыздарымыз осындай жоғары нәтижеге қол жеткізіп отыр. Дегенмен, бірінші орынға көтеріліуімізге аз ғана жетпей қалды. Біз дауыс саны жағынан Павлодар мен Оңтүстік Қазақстан облысынан сәл ғана артта қалып қойдық. Бірақ, дауыс беру кезінде біздің қыздардың көрсеткіші өсіп жатқан сәтін көргенімде қуаныштан көзімнен жас шықты. Отырып жылай беріппін, облысымыздың тұрғындары қыздарымызды қалай жақсы көретінін ұқтым. Олардың шығармашылығын, дауысын жақсы көреді екен, - дейді Ольга Хныкина.

Карина Шайғұзова мен Луиза Нұрқуатова байқауға дейін бірге ән салып жүрген. Ал, облыстық байқаудың финалында оларға Шетпеден келген Нұрай Айварқызы қосылып, олар триоға бірікті.

- Қыздарға бір ай бойы дайындалуға тура келді. Нұрайды ата-анасы шетпеден әкелетін. Бастаған істі жарты жолдан тастамай, соңына дейін күш салған оның ата-анасына алғыс айтамын. Осындай қажырлы еңбектің және жерлестеріміздің қолдауының арқасында біз осындай жоғары нәтижеге қол жеткіздік. Енді Нұрайдың ата-анасы оның Ақтауға уақытша көшіп келуіне жағдай жасайды деп үміттенемін. Өйткені, әнші қыз алдағы уақытта біздің мәдениет үйінде дайындалып, трионың әрі қарай дамуына үлесін қосуы тиіс. Концертті ұйымдастырғандардың бәрі қыздарымыздың талантты екенін мойындап жатыр. Кәсіби мамандар бағалады, ал, дауыс беру деген ол кәсіби бағалауға жатпайтынын бәріміз білеміз. Алдағы уақытта әнші қыздар үлкен белестерді бағындыратынына сенімдімін, - деп сөзін түйді Ольга Хныкина.

Естеріңізге салайық, дәстүрге айналған «Бала дауысы» республикалық байқауының ақтық кезеңі Алматыда өткен болатын. Маңғыстау облысының намысын қорғаған «Каспий толқыны» триосы аталған сайыста екінші орыннан көрінді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары